Ешқашан назардан тыс қалмайсыздар: Министр пәтер кілттерін табыстады

Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов елордалық құтқарушыларға пәтер мен қызметтік автомобильдердің кілттерін табыстады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

2024 жылы Астана қаласы ТЖД қызметкерлеріне 50 пәтер берілген болатын. Министр құтқарушылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту жұмысы жалғасатынын айтты.

Былтырдан бері біраз құтқарушылардың әлеуметтік жағдайы дұрыс шешімін тауып, жақсарып жатыр. Көптен күткен өрт сөндірушілерге тұрғын үй төлемдерін беру мәселесі шешілді, заңға тиісті түзетулер енгізілді. Соның арқасында жақын арада тұрғын үй төлемдері берілетін болады. Қандай да себептермен сол тұрғын үй төлемдерін ала алмайтын қызметкерлерге айтатыным, ешқашан біздің назарымыздан тыс қалмайсыздар, - деді министр.

Ол құтқарушыларға берілетін жатақханаларға жөндеу жүргізіліп жатқанын, жаңа жатақханаларды салу жоспарда барын жеткізді.

Осындай қызметтік пәтерлерді табыстайтын боламыз, үлкен қалалар мен өңірлерде жаңадан жатақханаларды салу жоспарда бар. Өзіміздің тұрғын үй қорындағы жатақханалардың жағдайын көріп жатырсыздар, мәз емес. Бірақ бірте-бірте қормен бірлесіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, бөлмелерді жиһаз-техникамен қамтып жатырмыз. Көшіп жатқан құтқарушылар жеке заттары мен киімдерімен кіріп, сол жақта көп жылдар бойы тұра алады. Сол тұрған кезінде қаражат жинап өз тұрғын үй мәселесін шешеді деген ойдамын, - деді ол.

Пәтер кілтін алған №16 өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Нұржан Әміров қуанышын сөзбен жеткізу қиын екенін айтады.

Мен 2001 жылдан бастап бір бөлімде қызмет істеп келе жатырмын. Осындай қуаныш мен жұмыс істеп келе жатқан 24 жылда бірінші рет болып тұр. Оны сөзбен айтып, жеткізу қиын. Еңбегімізді елеп, ескеріп, осындай үлкен сый-құрмет көрсетіп жатқан Қазақ елінің Президентіне, министр мырзаға, әкімдікке отбасым және бауырларымның атынан шексіз алғыс айтамын, – деді ол.

Пәтер кілттерін табыстау рәсіміне қуаныш иелерінің туыстары да келді.

Бауырым 20 жыл болды суыққа, ыстыққа, қиындыққа төзімді болып жұмыс істеп жатқанына. Басында пәтер жалдап тұрды, сосын еңбегіне қарай жатақхана берді, енді міне 20 жыл дегенде пәтер бұйырды. Қуанышымыз шексіз. Енді бауырым осы үйде балаларын өсіріп, жеткізіп, бала-шағасының қызығын көрсін, - дейді №2 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөліктерін жүргізу бойынша аға нұсқаушысы Нұркен Батпамбаевтың әпкесі Бәтима Бекбосынова.

Айта кетейік, қызметкерлерді тұрғын үймен және техникамен қамтамасыз ету – Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ведомство қызметкерлерін әлеуметтік қорғауды нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы