"Ешқандай сылтау болмайды": "Реалдың" бас бапкері "Қайраттың" мықты тұстарын айтты
Мадридтік “Реалдың” бас жаттықтырушысы Хаби Алонсо Алматыдағы “Қайратқа” қарсы өтетін алдағы ойынға қатысты баспасөз мәслихатында пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ертең Чемпиондар лигасының ойыны. Қарсылас кім болса да, қай елде ойнасақ та, біз жеңіске жетуіміз керек. Бұл турнирде ұпай жинауды жалғастырғымыз келеді. Кез келген жағдайда бейімделу қажет. Әрине, мұндай ұзақ сапарға үйренбегенбіз, бірақ бізде ешқандай сылтау болмауы тиіс, – деді Алонсо.
Ол “Қайратты” бағаламауға болмайтынын атап өтті. Испандық бапкердің айтуынша, алматылық команданың ойыны осал емес.
Қалай болғанда да, біз алаңға барынша дайын 11 ойыншы шығарамыз. Прессинг қолданамыз, белсенді шабуылдауға тырысамыз. Матч қарқынды өтетіні түсінікті, себебі “Қайрат” әрі физикалық, әрі тактикалық тұрғыдан жақсы дайындалған. Біз олардың қарқынын басып, алғашқы минуттан сапалы ойнауымыз қажет. Біз олардың “Селтикке” және “Спортингке” қарсы ойындарын көрдік. Бұл команданың ойыны жақсы ұйымдастырылғанын байқадық. Шабуылда әртүрлі профильдегі ойыншылары бар. “Қайрат” тікелей, түсінікті футбол ойнайды. Біз оларға қарсы дұрыс амал табуымыз керек. Қарсыласты жеке ойыншылар тұрғысынан да, тұтас команда ретінде де талдадық. Бұған дейін “Қайраттың” футболшыларын мүлдем білмейтінмін, қазір олармен жақсырақ таныстым. Ойындарында бізді алаңдататын сәттер бар. Ертең олар өз алаңында эмоцияға толы ойнайды, бұл біз үшін үлкен сынақ болады, – деді Алонсо.
Бұған дейін Алматыдағы жанкүйерлердің жылы қабылдауын “Реалдың” жартылай қорғаушысы әрі вице-капитаны Федерико Вальверде ерекше атап өткен.
Сондай-ақ алдағы матч жайлы “Қайраттың” бас бапкері Рафаэль Уразбахтин де өз пікірін білдірген еді.
Командалар УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турында кездеседі. Матч 30 қыркүйек күні Алматыдағы Орталық стадионда жергілікті уақытпен 21:45-те басталады. “Реал” дүйсенбіге қараған түні Қазақстанға ұшып келді. Мадридтен сапар шамамен 11 сағатқа созылды.