Бүгiн 2026, 09:51 Фото: pixabay.com

Құжат жоғалтсаңыз, ұсталсаңыз немесе жол апатына түссеңіз: Шетелде не істеу керек?

Қазақстандықтардың шетелде қандай құқықтары бар, қай кезде аудармашы талап етуге болады және түсінбеген құжаттарға неге қол қоюға болмайды?

Жыл сайын мыңдаған қазақстандық шетелде құжаттарын жоғалтып, құқық қорғау органдарына ұсталып, жол-көлік оқиғасына ұшырау және басқа да күтпеген жағдайларға кезігеді. Алайда олардың барлығы бірдей мұндай жағдайда мемлекеттен қандай көмек алуға болатынын және елден тыс жерде де қандай құқықтары сақталатынын біле бермейді. Осындай жағдайларда қалай әрекет ету керек және қандай қателіктерден сақтанған жөн? Бұл туралы BAQ.KZ тілшісіне заңгер айтып берді.

«Пономарев и партнеры» компаниясының заңгері Айжан Қуанбектің айтуынша, Қазақстан Республикасының Конституциясы азаматтарға елден тыс жерде де мемлекеттің қорғауы мен қамқорлығына кепілдік береді. Сондықтан шетелде қиын жағдайға тап болған кез келген қазақстандық Қазақстанның елшілігіне немесе консулдығына жүгінуге құқылы.

Консулдық қандай жағдайда көмек көрсетеді?

Тәжірибеде дипломатиялық өкілдіктер көбіне бірнеше кең таралған жағдайда көмек береді.

Егер азаматтың төлқұжаты жоғалса немесе ұрланса, консулдық Қазақстанға оралуға арналған куәлік рәсімдейді.

Ал азамат шетелдік құқық қорғау органдары тарапынан ұсталған немесе қамауға алынған жағдайда, дипломатиялық өкілдік онымен байланыс орнатып, консулдық қолдау көрсетеді және өз өкілеттігі шегінде оның құқықтарының сақталуын бақылайды.

Жол-көлік оқиғасы, төтенше жағдай немесе ауыр сырқат кезінде консулдық туыстарымен байланысуға көмектесіп, әрі қарайғы іс-қимыл тәртібін түсіндіреді және қандай көмек алуға болатыны жөнінде ақпарат береді.

Егер Қазақстан азаматы немесе оның туысы қайтыс болса, консулдық қажетті құжаттарды рәсімдеуге және марқұмның денесін елге жеткізуге жәрдемдеседі.

Сонымен қатар консулдық арқылы нотариаттық іс-әрекеттерді рәсімдеуге, кейбір ресми құжаттарды алуға, қажетті мәліметтерді сұратуға және апостиль қоюға болады.

Дегенмен заңгер консулдықтың өкілеттігі шектеулі екенін ескертеді.

Консулдық адвокаттың, полицияның немесе соттың қызметін атқармайды. Сондай-ақ азаматты барған елдің заңдарын бұзғаны үшін жауапкершіліктен босата алмайды. Бірақ консулдық қажетті көмек көрсетіп, туыстарымен байланыс орнатуға, әрі қарай не істеу керектігін түсіндіруге және өз құзыреті аясында азаматтың құқықтарының сақталуын бақылауға құқылы, - дейді Айжан Қуанбек.

Ұсталған жағдайда не істеу керек?

Егер Қазақстан азаматы шетелдік құқық қорғау органдары тарапынан ұсталса немесе әкімшілік не қылмыстық іс бойынша тергеуге тартылса, ең алдымен белгілі бір әрекеттерді орындауы қажет.

Бірінші кезекте өзінің Қазақстан азаматы екенін айтып, елшілікпен немесе консулдықпен, сондай-ақ жақын туыстарымен байланысуға мүмкіндік беруді талап етуі керек.

Егер азамат барған елдің тілін білмесе, міндетті түрде аудармашы талап етуге құқылы.

Сондай-ақ заң көмегін алу құқығын пайдаланып, адвокат шақыртатынын мәлімдеуі қажет.

Тағы бір маңызды қағида – мазмұны түсініксіз немесе күмән тудыратын ешбір құжатқа қол қоймау.

Заңгердің айтуынша, дәл осы кезеңде көптеген азамат өрескел қателік жібереді.

Ең жиі кездесетін қателіктің бірі – хаттамалар мен түсініктемелерге дұрыс аударылмай тұрып немесе қорғаушымен кеңеспей қол қою. Мұндай әрекет кейін адамның өз құқықтарын қорғауын едәуір қиындатады, – дейді ол.

Қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін қателіктер

Айжан Қуанбектің сөзінше, көптеген мәселе қасақана заң бұзудан емес, барған елдің заңнамасын білмеуден туындайды.

Қазақстандықтар көбіне визалық режим талаптарын бұзып, рұқсат етілген мерзімнен артық қалып қояды, еңбек етуге қажетті рұқсатсыз жұмысқа орналасады, құжаттарға аудармасыз қол қояды немесе дипломатиялық өкілдікке кеш жүгінеді.

Әсіресе өзгенің затын алып жүру аса қауіпті

Заңгердің айтуынша, кейбір туристер чемодан, құжат немесе сәлемдемені ішін тексерместен алып жүруге келіседі. Ал оның ішінен есірткі, қару-жарақ, жарылғыш зат немесе басқа да тыйым салынған заттар табылса, адам олардың бар екенін білмегенінің өзінде қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Сондықтан шетелге шықпас бұрын баратын мемлекеттің заңдарын алдын ала зерттеп, «білмедім» деген себеп жауапкершіліктен құтқарады деп ойламаған жөн.

Көп жағдайда барған елдің заңдарын білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан сапар алдында жергілікті талаптармен танысып, қиындық туған жағдайда уақыт оздырмай заңгерлік және консулдық көмекке жүгінген дұрыс, - дейді заңгер.

Қазақстандықтардың қандай құқықтары сақталады?

Шетелде жүрген Қазақстан азаматтары негізгі адам құқықтарын толық сақтайды және құқықтық қорғауға ие болады. 

Атап айтқанда, олар өздеріне қандай айып тағылып отырғанын білуге, заң көмегін алуға, Қазақстанның елшілігіне немесе консулдығына жүгінуге, сондай-ақ кемсітушіліктен, қатыгез немесе адам қадір-қасиетін қорлайтын әрекеттерден қорғалуға құқылы.

Егер азамат әкімшілік немесе қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылып, барған елдің тілін білмесе, сол мемлекеттің заңнамасы мен халықаралық шарттарда көзделген кепілдіктерді, оның ішінде аудармашының көмегін пайдалану құқығына ие.

Шетелдік құқық қорғау органдары ұстаған азаматтарға арнайы халықаралық кепілдіктер де қарастырылған.

Айжан Қуанбектің айтуынша, Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пакт айыпталушының қорғаушының көмегін пайдалануға, ал сот ісі жүргізілетін тілді түсінбесе, тегін аудармашы қызметін алуға құқық беретінін бекітеді.

Сонымен қатар Консулдық қатынастар туралы Вена конвенциясының 36-бабына сәйкес, ұсталған азамат Қазақстанның елшілігіне немесе консулдығына өзінің ұсталғаны туралы хабарлауды талап ете алады.

Мұндай хабарлама түскеннен кейін консулдық қызметкерлері азаматпен кездесуге, онымен тұрақты байланыс орнатуға және оның заңгерлік қорғалуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдауға құқылы. Алайда барлық консулдық әрекеттер қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Сапарға қалай дайындалған дұрыс?

Заңгердің пікірінше, көптеген мәселенің алдын алуға болады.

Сапар алдында визалық және көші-қон талаптарын мұқият тексеріп, медициналық сақтандыру рәсімдеп, Қазақстан елшілігінің байланыс нөмірлерін сақтап қойған жөн. Сонымен қатар негізгі құжаттардың көшірмесін жасап алған дұрыс. Бұдан бөлек, баратын елдің заңдары, дәстүрі, мәдениеті мен ерекшеліктерімен алдын ала танысып шығу маңызды. Өйткені әр мемлекетте турист күтпеген ерекше талаптар болуы мүмкін, – дейді сарапшы.

Осылайша, қазақстандықтардың шетелдегі құқықтарының қорғалуы тек дипломатиялық өкілдіктердің жұмысына ғана емес, азаматтардың құқықтық сауатына да байланысты. Елшілікке дер кезінде жүгіну, өз құқықтарын білу, барған елдің заңдарын сақтау және қарапайым сақтық шараларын ұстану көптеген күрделі жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді.