"Ешқандай кемшілік болған жоқ": Полиция Қайрат-Реал матчындағы қауіпсіздік туралы

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов алғаш рет қазақ жерінде өткен Қайрат-Реал матчта қоғамдық тәртіптің жақсы қамтамасыз етілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қауіпсіздік сақталды. Бұл – футболдың үлкен іс-шарасы. "Реал" командасы алғаш рет қазақ жеріне келіп отыр. Біз бәріміз футбол жанкүйеріміз және қазақ футболын қолдаймыз. Кеше қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін жоғары деңгейдегі шаралар қабылданды. Сондықтан біздің тарапымыздан ешқандай кемшілік болған жоқ. Полиция қызметкерлері өз міндеттерін жоғары деңгейде орындады, – деп жауап берді ол Мәжіліс кулуарында.

Вице-министрдің сөзінше, құқық тәртібін күзетуге полицияның кешенді күштері, оның ішінде Ұлттық гвардия да жұмылдырылған.

Біз қойған міндеттерді сәтті орындадық. Қылмыстық әрекеттердің, әсіресе ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алдық. Матч кезінде болған тәртіпсіздіктер жоқтың қасы. Көптеген футбол матчында болатын хулигандық әрекеттердің бұл жолы болмауы – полиция мен жергілікті органдардың ұйымдастырылған жұмыс нәтижесі, – деп атап өтті Әділов.

Ол билеті жоқ немесе заңсыз билетпен келген жанкүйерлер мәселесіне қатысты спорттық құрылымдардың тиісті шара қабылдайтынын, ал полицияның басты міндеті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету екенін айтты.

Полицияның сыртқы қызметі мен жедел бөлімдері толық күшпен жұмыс істеді. Ұлттық гвардияның да қолдауы болды. Барлық мәлімет пен статистиканы бүгін кешке толық таныстыра аламыз, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

Еске салсақ, Алматының орталық стадионында Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің екінші турында "Қайрат" футол клубы мадридтік "Реалды" қабылдады. Отандастарымыз "Реал Мадридтен" 0:5 есебімен ұтылды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы