«Ешкім жалғыз шауып бәйге алмайды»: Халық кеңесінің мүшелері алдағы жұмысын түсіндірді
Астанада Қазақстан Халық кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Жиыннан кейін Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов пен Халық кеңесінің мүшелері Аманжол Әлтай және Мұрат Әбенов жаңа институттың міндеті мен жұмыс тәртібі туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов қоғамда Құрылтай мен Халық кеңесінің қызметіне қатысты сауал көп болғанын атап өтті.
«Халықтың көбі Құрылтай мен Халық кеңесінің функциясы бірдей ме деп ойлады. Бүгінгі алғашқы сессияда Мемлекет басшысы екі органның бір-біріне кедергі келтірмейтінін және Халық кеңесінің бөлек функциясы бар екенін атап өтті. Оның міндеті – халықтың ұйытқысын сақтау, ал Құрылтай – заң шығарушы орган. Бұл осы сұраққа берілген нақты жауап деп ойлаймын. Халық кеңесінің құрамына қоғамдық ұйымдардың, мәслихаттар мен саяси партиялардың өкілдері, сондай-ақ қоғамның түрлі топтарының мүшелері кіріп отыр», – деді депутат.
Оның айтуынша, Халық кеңесі өңірлердегі өзекті мәселелерді Үкіметке жеткізуге ықпал етуі мүмкін.
«Қоғамдық келісім мекемелері Достық үйлерінде жұмыс істейтін болады. Халық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жалғастырып, ауқымды міндеттер атқарады деген ойдамын. Сонымен қатар өңірлердің мәселелерін Үкіметке жеткізеді. Ал Құрылтай заңдарға өзгерістер енгізумен айналысады. Әрине, бұл жұмыстың нәтижесін алдағы уақытта тәжірибе жүзінде көре жатармыз», – деді Мақсұт Насибулов.
Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі Аманжол Әлтай Құрылтайға өтпей қалғанына өкінбейтінін айтты. Оның пікірінше, алдына мақсат қойған адамға қашанда жұмыс табылады.
«Мен Мәжілістен кеткелі бос жүрген жоқпын. Өздеріңізге белгілі, Мәжілісте жүрген кезде де университеттегі педагогикалық жұмысымды үзген жоқпын. Парламент депутаты болып жүріп, докторанттар шығардым. Магистранттарым бар. Ғалым адам болған соң, біздің жұмысымыз ешқашан үзілмейді. Құрылтайға өтпей қалдым деген өкініш жоқ», – деді ол.
Аманжол Әлтай Халық кеңесін жауапкершілігі жоғары консультативтік орган деп атады. Оның сөзінше, Кеңес мүшелері елдегі маңызды мәселелерді бірлесіп талқылап, ортақ шешімге келуге тиіс.
«Бұл – жауапкершілігі жоғары, маңызды қара шаңырақ. Сондықтан алда атқаратын жұмыс көп. Халық кеңесінде ешкім жалғыз шауып бәйге алмайды. Оның Ата заңда белгіленген құзыреті бар. Еліміздегі ең маңызды мәселелер тұрақты және уақытша комитеттерде, жұмыс топтарында сарапталып, маңызды заң жобалары Халық кеңесінде пысықталып, Құрылтайға ұсынылады. 126 мүше қалаған заң жобасын жеке-жеке жібере бермейді», – деді Кеңес мүшесі.
Ал Мұрат Әбенов Халық кеңесінің сессиясы жылына кемінде бір рет өтетінін айтты.
«Жылына кемінде бір рет сессия болады. Шамамен үш комитет құрылатын сияқты, бұл мәселе бүгін шешіледі. Ал комитеттер сессиялар арасындағы кезеңде жұмысын жалғастыра береді», – деді экс-депутат.
Оның сөзінше, Халық кеңесінің өзіндік жұмыс тәртібі бар және ол Құрылтайдың қызметін қайталамайды.
«Қайталамайды, оның жұмыс істеу тәртібі бөлек. Бір жағынан, заң шығаруға бастама жасауға мүмкіндігі бар, екінші жағынан, Үкіметке де, Құрылтайға да ұсыныс бере алады. Әрине, жаңа институт болғандықтан, жұмысын толық жолға қою үшін уақыт қажет», – деді Мұрат Әбенов.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, елордада Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясы өтті. Кеңес құрамына этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 126 өкіл кірді.