«Ешкім заңнан жоғары тұрмауы керек»: Инара Әбдіғаппарқызы сыбайлас жемқорлықпен күрестің маңызына тоқталды
Инара Әбдіғаппарқызы сыбайлас жемқорлықпен күрес пен заң үстемдігі әділетті қоғам қалыптастырудың басты шарты екенін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, заң үстемдігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қызметтегі жауапкершілікті арттыру – Әділетті Қазақстанды қалыптастырудың басты шарттары. Түркістан облысы Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Әбдіғаппарқызы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы бағыттағы ұстанымына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның айтуынша, Президенттің «Ешкім де заңнан жоғары тұра алмайды» деген қағидаты қоғамдағы әділдік пен тең жауапкершіліктің нақты көрінісі болуы тиіс.
Менің ойымша, сыбайлас жемқорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Бұл – бүкіл қоғамға ортақ жауапкершілік. Әсіресе, халық сеніміне ие болып, мемлекеттік мүдде жолында қызмет етіп жүрген азаматтардан жоғары кәсіби біліктілікпен қатар, адалдық пен принципшілдік талап етіледі. Қандай лауазым атқарса да, қандай марапатқа ие болса да, ешбір азамат заң алдындағы жауапкершіліктен босатылмауы керек, – дейді Инара Әбдіғаппарқызы.
Қауымдастық төрайымы мемлекеттік қызмет жеке бастың пайдасын көздейтін мүмкіндік емес, халыққа қызмет етудің үлкен аманаты екенін атап өтті. Оның пікірінше, бюджет қаражатын мақсатсыз пайдалану, мемлекеттік мүлікке қол сұғу немесе қызметтік өкілеттікті жеке мүддеге қолдану азаматтардың билікке деген сеніміне кері әсер етеді.
Әрбір мемлекеттік шешім ашықтыққа, әділдікке және қоғамдық мүддеге негізделуі қажет. Мемлекеттік қызметтің басты мақсаты – халыққа адал қызмет ету, – деп атап өтті ол.
Инара Әбдіғаппарқызы Президент көтерген «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамның барлық саласында орнықтыру қажеттігіне де тоқталды. Оның айтуынша, бұл талап мемлекеттік қызметшілерге де, кәсіпкерлерге де, қарапайым азаматтарға да бірдей қатысты.
Сондай-ақ мемлекеттік бағдарламалар мен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына, жұмыстардың сапасына және жауапты тұлғалардың жеке жауапкершілігіне баса мән берілуі тиіс.
Заң талаптарының баршаға ортақ болуы – құқықтық мемлекеттің негізгі белгісі. Сондықтан әрбір салада заң үстемдігі сақталып, жауапты тұлғалар өз міндетіне адал қарауы керек, – дейді ол.
Спикер сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда қоғамдық сана мен адамгершілік құндылықтардың да маңызы зор екенін жеткізді. Осы ретте «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын тек қоршаған ортаны қорғау аясында ғана қарастыру жеткіліксіз екенін айтты.
Тазалық – ең алдымен адамның ойынан, ниетінен, сөзінен және ісінен басталатын ұғым. Адалдықты өмірлік ұстанымға айналдыру, өз міндетіне жауапкершілікпен қарау және өзгенің құқығына құрметпен қарау – жаңа қоғамдық этиканың негізгі өлшемдері, – деп санайды Инара Әбдіғаппарқызы.
Оның пікірінше, өскелең ұрпаққа адал еңбек, әділдік және отаншылдық құндылықтарын дәріптеу маңызды. Жемқорлыққа төзбеушілік тек жазадан қорқудан емес, адамның ішкі мәдениеті мен азаматтық ұстанымынан қалыптасуы керек.
Қоғамда пара беруді де, пара алуды да ақтауға болмайтын берік көзқарас орныққанда ғана бұл кеселдің тамырына балта шабуға мүмкіндік туады, – дейді қауымдастық төрайымы.
Сөз соңында ол Әділетті Қазақстанның басты тірегі – заңға бағынатын, ел мүддесін жеке басының мүддесінен жоғары қоятын және өз ісіне адал азаматтар екенін атап өтті.
Мемлекеттік қызметтің беделі лауазыммен немесе марапатпен емес, халыққа тигізген нақты пайдасымен өлшенуі тиіс. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, заң үстемдігін сақтау және қоғамдық жауапкершілікті арттыру әрбір азаматтың күнделікті өмірлік қағидатына айналуы қажет. Өйткені адалдық салтанат құрған жерде ғана халықтың сенімі нығайып, мемлекеттің болашағы берік болады, – деп түйіндеді Инара Әбдіғаппарқызы.