"Ешкім құлаққа ілмейді". Талдықорғанда ескі баннерлер әлі ілініп тұр
Талдықорғанда Алматы облысы екіге бөлінбей тұрып ілінген ескі баннерлер әлі тұр. Тұрғындар тәрбиелік мәні бар мәтіндерді қойса деген тілек білдіруде, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.
Әлқиса, осы мәселені бізден бұрын Жетісудың зиялы қауымы тілек-арызын айтып, мәдениет, архивтер және құжаттама, сондай-ақ тілдерді дамыту басқармасына ұсыныс тастаған болатын. Дегенмен оны ешкім құлаққа ілмеді. Оған себеп баннер ілетін тақталардың басым бөлігі жекеменшікке тиесілі. Оған әжептеуір ақша төлеу керек. Біз бүгін қала ішіндегі бірнеше баннерді суретке түсіріп, тұрғындармен тілдесіп қайттық.
Мәселен мына мағынасыз баннердің тұрғаны 2-3 жылдың жүзі болған. Талдың көлеңкесінде көзге тіпті көрінбейді, оның үстіне тоз-тозы шаққан. Алыстан жазуын мүлде оқи алмайсыз, мағынасы да түсініксіз. Орналасқан жері: Талдықорған қаласы. Желтоқсан көшесінің бойы.
Сол көшенің екінші қапталында отбасы татулығын сипаттайтын баннер орналасқан. Көріп отырғандарыңыздай күн мүжіп тастағаны сонша, бояуы кетілген. Тұрғындардың айтуынша тұрғанына 4-5 жылдың жүзі болған. Мәнсіз, сәнсіз көзге қораш көрінеді.
Қала тұрғындары Жетісудың рухани келбетін көрсететін, тұмса табиғатын сипаттайтын, ұлы тұлғаларын дәріптейтін баннерлер неге ілінбейтінін түсінбейді. Жекеменшік дегеннің өзінде, өзара келісімге келіп жастардың санасына сәуле құятын, қалаға келген қонақтарға елдің-жердің келбетін көрсететін жазбалар мен картиналар қойса болатн еді. Бірақ, қанша жылдан бері атылғанымен жабулы қазан жабулы күйінде келеді.
Жетісу жері алып тұлғаларға, қасиетті нысандарға, аңызға парапар құнды дүниелерге толы мекен. Кезінде Асан қайғы бабамыз тебіренетіндей-ақ бар. Әйтсе де көше бойлап келе жатсаңыз, алдыңыздан неше түрлі мағынасы жұтаң суреттер шығады. Жарнамалық плакаттар самсап тұр. Айналайын-ау, Жалайыри көшесінің бойына бабамыздың нақыл сөздерін іліп қойса кімге зияны тиеді. Құлагер ақын Ілияс Жансүгіровтың өлеңдерінен үзінді жазып қойса, бұл әрі тәрбие құралы, әрі ұлттың айнасы емес пе? - дейді профессор Сайлау Қожағұлов.
Қараңыз, Талдықорған қаласында Рақышов көшесімен Балапанов көшесінің қиылысында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың 125 жылдығына былтыр қойылған баннер әлі тұр. Алыптың сөзі өлмейтіні анық, әйтсе де әбден күн жеп тастаған баннердің түр-түсі күлкі шақырады. Жай күлмейсіз, ұяттан күлесіз. Жампоз жазушының мерейтойының өткеніне бір жыл толса да әлі ауыстырылмаған. Есті сөзі мен дара бейнесі көз алдымызда ескіріп барады.
Одан бөлек, «Жетісу адалдық алаңы» деген атаумен осыдан бірнеше жыл бұрын қойылған баннер тұр. Мағынасы бұлыңғыр, тоз-тозы шыққан. Ешқандай мән жоқ, тал қоршап алған, жазуы тіпті оқылмайды. Орналасқан орны: Талдықорған қаласы. Желтоқсан көшесінің бойы. Сол маңайда І.Жансүгіров университенің екінші корпусы орналасқан. Студенттер ақынның өлеңін жазса абзал болар еді деген тілігін жеткізді.
Біз оқитын білім ордасы қазақтың ғажайып ақыны Ілияс Жансүгіров атымен аталады. Біздің бір түсінбейтініміз, қала да ақынның мүсіні мен көшесі бар, музейі тұр. Осы үш белгіден басқа түк жоқ. Енді жастарға наисхат үшін ақынның поэмаларынан коллаж жасап көше бойына ілсе болады. Оның үстіне қаламгердің рухани мұрасы көл-көсір. Оны осылай дәріптесе ғана халыққа жақын болмақ. Мәселен, Қарағанды, Шымкент, Түркістан, Орал қалаларында өз топырағынан түлеген ақын-жазушылардың нақыл сөздерін, тармақтарын әдемілеп іліп қояды. Көрген көзге де жылы. Әрі тәрбие құралы ретінде құнды, - дейді аталған білім шаңыраңының студенті Арман Ізтуған.
Иә, сөзінің жаны бар. Ақын-жазушылардың жыры мен ойлы сөздері ешқашан ұмытылмайды һәм ескірмейді. Жылдап тұрса да мән-мағынасы сол биіктен түспесі анық. Ал қала әкімдігі мұны ойлауға уақыты жоқтай. Тіпті, мамырда ілген баннерлері әлі тұр. Д.Қонаев көшесімен Ғ.Орманов көшесінің қиылысында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерінің бейнесін күн мүжуде.