Ешбір дін заңнан жоғары қойылмайды – теолог діни сауат ұғымын түсіндірді

Теолог Дінмұхаммәд Тойғылы жастардың теріс діни ағымдардың ықпалына түсіп кетуінің басты себебі діни сауатының болмауы екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Діни сауаттылық – тек Құран аяттарын жаттау немесе хадис білу емес. Ол – дін мен мемлекеттің арақатынасын түсіну, заң мен сенімнің шекарасын ажырата білу, - деді маман.

Ол Қазақстан зайырлы мемлекет екенін атап, мұнда әр азаматтың діни сенім бостандығы Конституциямен кепілденген, бірақ ешбір дін заңнан жоғары қойылмайтынын атады.

Азаматтардың кейбірі діни сенімді жеке тәжірибеге айналдыру мен оны заң аясында ұстану мәселесінде қателік жібереді. Мысалы, заңдық нормаларды білмеу салдарынан кейбір азаматтар діни себеппен білім алудан немесе жұмыс істеуден бас тартып, қоғамнан оқшауланып жатады. Бұл – діни сауатсыздықтың салдары, дұрыс таңдау емес. Сондықтан дұрыс діни сауат тек қана шариғи емес, құқықтық және әлеуметтік сауаттылықпен қатар жүруі тиіс, - деді теолог.

Дінмұхаммәд Тойғылының айтуынша, кейбір азаматтардың интернеттегі деструктивті уағызшылар мен бейресми топтардың ықпалымен өзге діни ағымдарға еріп жатқаны – көбіне өз бетінше, бақылаусыз “сауат ашудың” нәтижесі. Дінмұхаммәд Тойғылы бұл тұрғыда теологтар мен дінтанушылардың рөлін күшейту маңызды екенін атады.

Діни сауат ашуда кәсіби мамандардың көмегі айрықша маңызды. Теологтар, дінтанушылар, дін қызметкерлері және психологтар жастарға дінді тек сенім тұрғысынан ғана емес, рухани, әлеуметтік және заңдық аспектіде де түсіндіре алуы қажет. Көп жағдайда азаматтар дінді тек намаз оқу мен ораза ұстау деп қабылдайды. Бірақ дін – адамның отбасындағы, қоғамдағы, мемлекеттегі қатынасын реттейтін кең ауқымды жүйе. Осы тұста кәсіби мамандар діннің кең тынысын түсіндіріп, қоғамда орын алған ерекше діни сауалдарға жауап бере отыра, адасушылықтың алдын алуы маңызды, - деді ол.

Сондай-ақ теолог интернет кеңістігіндегі діни ақпараттарды сүзгіден өткізу қажет екенін айтты.

Интернеттегі Youtube, Telegram, Instagram, TikTok секілді платформаларда кез келген адам “уағызшы” бола алады. Онда кімнің не айтып жатқанын ешкім толық қадағалай алмайды. Осы себептен діни сауаты төмен жастар радикалды және деструктивті идеологияны насихаттайтын топтарға тап болып жатады, - деді маман.

Сондықтан Дінмұхаммәд Тойғылы діни мазмұндағы видеолар мен жазбаларды тыңдамас бұрын, оның авторының біліктілігін, шынайы дінмен байланысын, мазмұнының сәйкестігін тексеру қажет екенін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Ғазиз ШАКИРОВ - архив
Өзгелердің жаңалығы