Есет батырдың 355 жылдығы. Рүстем Қайыртай - бас жүлде иегері
Ақтөбеде өткен Есет батыр Көкіұлының 355 жылдығына арналған республикалық айтыста Бас жүлдені Абай облысының перзенті Рүстем Қайыртай жеңіп алды, деп хабарлайды Ақтөбе облысындағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгін “Еркіндік қыраны, шарықта!” атты республикалық айтыстың екінші кезеңі өтті.
Бұл кезеңде 16 ақынның арасынан ақтық аламанға суырылып шыққан 4 жұп, яғни, 8 ақын – Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) мен Рауан Қайдаров (Павлодар облысы), Қазырет Бердіхан (Алматы қаласы) мен Біржан Байтуов (Шымкент қаласы), Рүстем Қайыртай (Абай облысы) мен Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы) және Жұлдыз Қожабекова (Ақтөбе облысы) мен Шалқарбай Ізбасаров (Атырау облысы) айтысты.
Сонымен қазылар алқасының шешімімен аламан айтыстың Бас жүлдесін Абай облысынан келген Рүстем Қайыртай (1,5 млн теңге) жеңіп алса, бірінші орынды павлодарлық Рауан Қайдаров (1 миллион теңге), екінші орынды алматылық Шұғайып Сезімхан мен шымкенттік Біржан Байтуов (750 мың теңге), үшінші орынды алматылық Қазырет Бердіхан, ақтөбелік Жұлдыз Қожабекова мен атыраулық Шалқарбай Ізбасаров (500 мың теңге) иеленді.
Ал қос арнайы жүлде шығысқазақстандық Серік Қуанған мен Ақтөбе облысының тумасы Нұрбол Жауынбаевқа бұйырды.
Жеңімпаздарды қазылар алқасының төрағасы Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов пен Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов марапаттап, айтысқа келген жұртшылыққа өз ризашылықтарын жеткізді.
Кеше де, бүгін де осы айтысты тапжылмай отырып көрдім. Ақындардың қозғаған тақырыптары, сөз шеберлігі ұнады. Әсіресе, облысымыздың намысын қорғаған Марат, Нұрбол, Ершат сынды ақындарға риза болдым. Бұл жігіттер -біздің мақтанышымыз. Сөз жарысы болған соң біреу жеңеді, біреу жеңіледі. Дегенмен мен үшін бұл ақындардың әрқайсысының өз орны бар. Екі күн бойы осы шараны көргеніме қуаныштымын. Есет батырдың рухы қолдап, өнерге құштар азаматтарымыздың жетістіктері көбейе берсін,-дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұран Сәкенов.