Есепті шемішкеше шағатын төрт жасар бала
Түркістан облысында есепті ойланбай тез шығаратын Ислам Көпбай есімді балақай тұрады, деп хабарлайды BAQ.KZ Otyrar арнасына сілтеме жасап.
Небәрі төрт жастағы ол тек ондықтарды ғана емес, мыңдықтарды ойланбастан алып-қоса алады. Оның есептерді ойша қосып тұрған видеосы бір күнде млн-нан астам қаралым жинаған.
Кішкентай ғана Егізқұм ауылының тұрғынының есепке қызығушылығы 3 жасында байқалған. Тіпті тілі дұрыс шықпай тұрып-ақ санауды үйреніп алыпты. Қазір мыңдықтарды ойланбастан қосып, алатын Ислам Көпбай, енді көбейту кестесіне көшіпті.
Ал анасының айтуынша шардаралық есепші балақайдың есте сақтау қабілеті ерекше екен. Қосу алу, есептеу әдісін ол әпкелері сабақ оқып отырғанда жағаласа жүріп, үйреніп алған көрінеді. Оны білетін ауылдастары да қызық көріп Исламды көшеде тоқтатып алып, есеп сұрауды әдетке айналдырған.
«Исламның қызығушылығы 3 жасынан басталды. Әпкелерінің жанында отырып 2 таңбалы сандарды қосып айта беретін еді. Енді қазір 4 таңбалыны да айта береді. 1250 деп жазып берсек параққа өзі шығарып тастайды. 9999 деп қиынырақ қоямыз. Оны да қарайды да жауабын мүдірмей айта береді»,-деді анасы Гүлнар Қонарбаева.
Бұл отбасыда есепке жүйрік жалғыз Ислам ғана емес. Оның 3 апкесі де оқу озаты. Ата-анасы балаларына көз тиіп кете ме деген оймен бастапқыда видеоның таралуын қаламаған екен. Желі жұлдызына айналған балақайға бүгінде түрлі телебағдарламалардан шақыртулар келіп жатқан көрінеді.