Кеше 2026, 16:40 Фото: ©BAQ.KZ/Гүлжан Раманқұлова

“Есепке тұрсаң, жұмыссыз қаласың”: Аймағамбетов наркологиядағы шындықты айтты

Асхат Аймағамбетов жүйені қатаң сынға алды

Қазақстандағы тәуелділікті емдеу жүйесі тиімді емес әрі адамдарды көмекке жүгінуден тежейді. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов көшпелі отырыста мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутаттың айтуынша, қолданыстағы клиникалық хаттамалар толыққанды нәтиже бермейді және заманауи талаптарға сай емес.

Хаттамалардың өзі тиімді емес. Біз талдау жасадық, нәтижелері күмәнді. Көп жағдайда олар бүгінгі талапқа жауап бермейді, – деді ол.

Аймағамбетов Қазақстанда тәуелді азаматтардың ресми көмекке жүгінбеуінің басты себебі – қатаң есепке алу жүйесі екенін атап өтті.

Адамдар наркологияға бармайды. Себебі олар есепке қойылады. Үш жыл бойы есепте тұрады. Бұл олардың жұмысқа орналасуына, құқықтарына тікелей әсер етеді. Сондықтан тіпті өз проблемасын түсінген адам да көмек сұрамайды, – деді депутат.

Оның сөзінше, әлемнің көптеген елі мұндай қатаң бақылау жүйесінен әлдеқашан бас тартқан.

Бірлі-жарым елдерді қоспағанда, өркениетті мемлекеттер мұндай жүйені қолданбайды. Бізде бұл сақталған, сондықтан адамдар жасырын өмір сүруге мәжбүр, – деді ол.

Депутат сондай-ақ тәуелділікке шалдыққан азаматтар көбіне қымбат жеке орталықтарға жүгінетінін айтты. Оның сөзінше, мұндай қызметтердің бағасы өте жоғары, ал бұл өз кезегінде отбасылардың қаржылық жағдайына ауыр салмақ түсіреді.

Адамдар қарызға батып, жақындарын емдетуге тырысады. Өйткені мемлекеттік жүйеге барудан қорқады, – деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар депутат қазіргі наркологиялық қызметтің негізі кеңестік модельге сүйенетінін сынға алды.

Жүйе жазалау сипатында, стигматизацияға негізделген. Ол дәлелді медицинаның халықаралық стандарттарынан алшақ, – деді ол.

Оның айтуынша, қолданыстағы 17 клиникалық хаттаманың басым бөлігі ескірген халықаралық жіктемеге негізделген, ал әлемде жаңа жүйе қолданылып келеді. Сонымен қатар көптеген заманауи әдістер енгізілмеген.

Аймағамбетов тәуелділікті емдеу тәсілі де дұрыс емес екенін айтты.

Біз тәуелділікті жедел ауру сияқты емдейміз: детокс жасап, шығарып жібереміз. Бірақ бұл – созылмалы, қайталанатын ауру, – деді ол.

Депутат мәжбүрлі емдеудің тиімділігі төмен екенін атап өтті. Оның айтуынша, қайта ауруханаға жатқызу көрсеткіші 50-55%-ға жетеді.

Реабилитация жүйесі де жеткілікті дамымаған. Кей жағдайларда орталықтар нақты емдеуден гөрі уақытша баспана қызметін атқарады деген сын айтылды.

Ал лудомания бойынша жағдайды депутат “толық сәтсіздік” деп бағалады.

Лудомания бойынша – толық сәтсіздік. Емдеу хаттамаларынан бастап, көмек көрсету жүйесіне дейін мәселе көп, – деді ол.

Сонымен қатар елде жаңа синтетикалық есірткілерді анықтайтын жабдықтардың жетіспеушілігі байқалады. Көптеген өңірде қажетті құралдар жоқ.

Сөз соңында депутат негізгі кедергі ретінде қоғамдағы стигманы атады.

Басты мәселе – стигма. Осы көзқарас өзгермейінше, адамдар көмекке жүгінбейді, – деп айтты Асхат Аймағамбетов.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда 1,8 млн адам тұрақты түрде құмар ойын ойнайтыны хабарланды. 

Тағы оқи отырыңыздар:

Ұлытауда құмар ойын ойнаған 10 басшы мен 26 мемлекеттік қызметші жұмысынан босатылды

Құмар ойын мен мемлекеттік қызмет: Екібастұзда әкімдік қызметкерлері құмар ойынға қатысқан

Қазақстанда казиноға жаңа аймақтар белгіленді: Кімдерге кіруге рұқсат?