Есеп комитетінде қазақ тілін үздік меңгергендер анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, 2021 жылғы 24 қыркүйекте ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығын, Есеп комитетінің 25 жылдығын және Қазақстан халқының тілдері күнін мерекелеу, сондай-ақ Есеп комитетінде корпоративтік рухты нығайту мақсатында ведомствоның және «Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау» ЖШС қызметкерлерінің қатысуымен онлайн форматта іс-шара өткізілді.

Аталған байқау үш кезеңнен тұрды: «Мәнерлеп оқу», «Эссе жазу» және «Жүзден жүйрік», сонымен бірге бұл іс-шара биыл еліміз бойынша атап өтілетін атақты ақындар мен ағартушылардың, атап айтқанда қазақтың ағартушы-педагогі Ы.Алтынсариннің 180-жылдығы, жыр алыбы Ж. Жабаевтың 175-жылдығы, дауылпаз ақын Қ. Аманжоловтың мерейтойларымен ұштастырыла отырып өткізілді.

Бірінші «Мәнерлеп оқу» сайысына тақырыптық бейнероликтер ұсынды, онда қатысушылар аталған тұлғалардың өлеңдерін жатқа нақышына келтіріп оқып берді.

«Жүзден жүйрік» интеллектуалды байқауына қатысушылар Еліміздің тәуелсіздігі, Есеп комитетінің қызметі, тіл туралы заң, ақындар өмірбаяны мен шығармашылығы, сонымен қатар еліміздің тарихы даталары төңірегіндегі сұрақтарға дұрыс жауап беру, мақал-мәтелдің жалғасын айтып беру, салалық терминдердің аудармасын білу бойынша өз білімдерін көрсеткен.

«Эссе жазу» сайысында қызметкерлер «Латын әліпбиіне көшу-жаһандану талабы» тақырыбына эссе жазды. Бұл сайысқа түскен қызметшілер латын әліпбиіне көшу туралы өз ойларын ортаға шығарып талқылап, тақырыпты барынша ашуға тырысқан.

Үш байқаудың қорытындылары бойынша қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар мен жүлдегерлер айқындалып, оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар берілді.

Байқауға барлығы 20 адам қатысты, оның 9-ы жеңімпаз атанды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы