Есеп комитетінде Тұңғыш президент күніне арналған салтанатты жиын өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Салтанатты жиында Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрайымы Наталья Годунова ұжымды келе жатқан мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күнімен құттықтады. 


Наталья Годунова 1991 жылдың 1 желтоқсанында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайлауға қатысқан қазақстандықтардың 98%-ы дауыс берген, алғаш рет жалпы халық сайлаған президент екенін атап өтті. 

Бұл оқиға Қазақстан тарихындағы бетбұрыс болды. Қазақстандықтар Нұрсұлтан Назарбаев үшін дауыс бере отырып, бейбітшілік пен тұрақтылық, ұлтаралық және конфессияаралық келісім, ұзақ жылдарға арналған табысты әлеуметтік-экономикалық даму жағына қарай таңдау жасады. Елбасы ел үшін шешуші сәтте қазақстандықтардың тағдыры үшін, мемлекеттің болашағы үшін тарихи жауапкершілікті өзіне алды. 

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүйесінің рөлін ескере отырып, Елбасы мен президент Есеп комитетінің және мемлекеттік аудит жүйесінің басқа да органдарының жұмысына ерекше көңіл бөледі. Мәселен, 2012 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы ең озық әлемдік тәжірибе негізінде мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құруды тапсырды. Бұл "100 нақты қадам" бағдарламасындағы 93-қадам – "Мемлекеттік аппарат жұмысына аудит жүргізудің және бағалаудың жаңа жүйесін енгізу", – деді есеп комитетінің төрайымы. 

Жиналыс соңында ұжымға "Хабар" агенттігінің "Көшбасшы болу өнері" фильмі көрсетілді. 


Бұдан әрі жиын "Елі сүйген, Елін сүйген Елбасы!" атты патриоттық тимбилдингпен жалғасты. Есеп комитетінің қызметкерлері Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын білудегі зияткерлік-танымдық турнирге және Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған Абай шығармаларын үздік оқу байқауына белсенді қатысты. Зияткерлік-танымдық турнирдің қорытындысы бойынша командалар Есеп комитеті төрайымының дипломымен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Бұдан басқа, Есеп комитетінің ұжымы Абай шығармаларын үздік оқу бойынша эстафетаны Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне беруді ұйғарды. 

Іс-шараның соңында Nur Otan партиясы бастама жасаған "Менің Туым, Менің Отаным!" патриоттық акциясына қолдау білдірілді. Аталған акцияның негізгі мақсаты - Мемлекеттік Туды әйгілеу болып табылады. Есеп комитетінің жұмыскерлері "Министрліктер үйі" ғимаратында орналасқан мемлекеттік органдарды патриоттық акцияны қолдауға шақырды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы