Есеп болған жерде ешқандай жұмыс болмайды – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов республикалық педагогикалық кеңесте айтты.

Жазғы мектеп бойынша берілген әдістемелік ұсынымдар тек қана ұсынымдар. Одан ауытқуға болмайды, сонда жазылған кестені бұлжытпай орындап, дәл солай өткізу керек деп ешкім айтып отырған жоқ. Бұл – мұғалімдерге дұрыс ұйымдастыру үшін беріліп отырған бағыт-бағдар. Әр мектепте қай пән, қандай бағыт бойынша төмендеу бар екені белгілі. Сол себепті өз тәжірибелеріңізде бар мәселені диагностикада пайда болған ауытқуға сәйкес тиісті жұмысты ұйымдастыру қажет, - деді ол.

Министр берілген әдістемені тек ұсыным ретінде қарастыру қажеттігін айтты.

Сонымен қатар Аймағамбетов жоспардың тек формальді болмау керегіне тоқталды.

Әр түрлі есептерді көбейтпеу керек. Есеп болған жерде ешқандай жұмыс болмайды. Бүкіл назар тек қана қағазға кетеді. Қағазға бәрін жазып береді, бірақ оны ешкім оқып та жатқан жоқ. Оқымайды да. Балаларымыз репетиторларға барады, оларда ешқандай қағаз жоқ, алайда нәтиже бар, - деп айтты бас ұстаз.

Аймағамбетов жазғы мектепті де осындай форматта ұйымдастыруды тапсырды.

Қағаз, журналдарды толтырмай, нақты білім беріп, оны одан сайын нығайтуға бар күш жұмсалуы керек, - деп тапсырма берді БҒМ басшысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы