Есен Елеукен: Елбасының Тәуелсіз Қазақстанға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз

Астана, BAQ.KZ. Елбасының Президенттік өкілеттігін тоқтату туралы мәлімдемесіне қатысты «Тамаша tv» телеарнасының директоры Есен Елеукен өз ойымен бөлісті.

«Елбасының тәуелсіз Қазақстанға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз екендігін жақсы білеміз. Бірақ, бұл жолы президенттік өкілеттігін доғару үшін жайдан-жай шешім қабылдай салған жоқ. Қазақстан халқына арнаған мәлімдемесінде де әрбір қазақстандықтың жүрегін елжіретер ұлағатты сөздер айтты. Жалпы, ең басты байлығымыз - Тәуелсіздігіміз. Қалғаны бос сөз. Осы Тәуелсіздігімізді одан әрі нығайтып, өсіп өркендеген елдердің қатарына қосылу жолында тынбай еңбек етуіміз керек», - деді ол.

Есен Елеукен Нұрсұлтан Назарбаевты тұлға ретінде жоғары бағалап, құрмет тұтатынын айтты.

«Бір ұжымды басқарған кездің өзінде адамдардың көңілін табу оңай болмай жатады. Ал, бүкіл елді басқарып отырған азаматтың биліктен өз еркімен бас тартуы тарихи шешім екендігінде дау жоқ. Енді даурықпай, артық-ауыс әңгімеге жол бермей, ұраны бір, өркениетке бастар жолы ортақ ел ретінде Елбасының барлық бастамаларын одан әрі жалғастыруымыз қажет», - дейді Есен Елеукен.

Естеріңізге сала кетейік, кеше Нұрсұлтан Назарбаев өз өкілеттігінен бас тартатыны туралы мәлімдеме жасап, орнына Қасым-Жомарт Тоқаевты қойған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы