Еселі еңбегімен танылған маман
Жуырда Халықаралық Арулар күні қарсаңында Президент Іс басқармасының "Қазқұрылысжүйесі" кәсіпорнының сметалық құжаттама бөлімінің басшысы Әсия Рахметова "Ерен еңбегі үшін" медалімен марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Әсия Сайлауқызының марапатына барша әріптестері қуанды десек артық айтпаймыз. Себебі ол іскерлік қабілетімен, байсалды мінезімен іргелі ұжым мүшелерінің құрметіне бөленіп жүрген жан.
Біз Жұмысшы мамандықтары жылы қарсаңында мемлекеттік марапатқа ие болған әріптесіміз туралы кеңірек айтқанды жөн көріп отырмыз. Сонымен...
Әсия Сайлауқызы 1978 жылы Жамбыл облысы Шу ауданында, Төле би бабамыз мекен еткен Жайсан атты кішкентай дүниеге келген. Ауыл-аймаққа сыйлы текті әулеттің бой түзер тұңғышы. Әкесі Сайлау өнер адамы болса, анасы Ханипа 3 қызды дүниеге әкелген аяулы жар. Тәрбие тал бесіктен демекші, Асия Сайлауқызы кішкентайынан немеренің үлкені болғандықтан, ата-әжесінің қолында өсіп, қазақи тәрбие алған.
Атасы Дихан Ахметұлы Шу ауданында әртүрлі салада қызмет атқарған. Ол кісі физика-математика ғылымына жетік болғанға ұқсайды. Ұлы Отан соғысының ардагері, қан майданнан аман-есен оралған адам. Әсия Сайлауқызының бұл салаға деген қызығушылығы атасынан дарыған деп айтсақ артық болмас. Себебі қария немересіне "физика мен математика саласын жетік меңгерсең, өскенде керегі болады" деп құлағына құйған екен.
Жастайынан білімге құштар Әсия Сайлауқызы мектепті қызыл аттестатпен аяқтап, алтын белгі иегері атанды. "Өнерліге өріс кең" демекші, мектепте озат оқып қана қоймай, әжесінің үйретуімен домбыра және гитара аспаптарын меңгерді, бірнеше ән байқауларына қатысып, жүлделі орындар алған.
1994 жылы 16 жасында сол кездегі Ақмоладағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс факультетіне оқуға түсті. Өзі армандағандай инженер маман болғысы келді.
Сол уақыттағы заманның талабына сай оқу орындары орыс тілінде болғаны қазақи өскен Әсия Сайлауқызына алғашқы сынақ болды десек те болады. Алайда өзінің қайсар мінезімен, оқуға деген құлшынысының арқасында орыс тілін жетік меңгеріп, 1999 жылы дипломдық жұмысын үздік қорғап шығады.
Осылайша Құрылыс саласындағы еңбек жолын Қорғаныс министрлігіне қарасты Әскери инфрақұрылым бас басқармасында инженер болып бастады.
Осы басқармада, "ҚУАТ" корпорациясында, "Caspian Service Kazakhstan" кәсіпорнында, "Самұрық Қазына Development" мекемесінде, басқа да мекемелерде түрлі қызмет атқарып, тәжірибесін толықтырды. Уақыт өткен сайын жауапты маманның қызметі де өрлей берді.
2022 жылдың қараша айында Президент Іс басқармасының "Қазқұрылысжүйесі" мекемесіне Сметалық құжаттама бөлімінің бастығы болып тағайындалды.
Әсия Сайлауқызының еңбегі лайықты бағаланып, өзі қызмет атқарған мекемелердің барлығында Алғыс хаттар мен Құрмет грамоталарына, мерейтойлық медальдар мен ведомстволық марапаттарға ие болғанын атап өткен жөн. Соның ішінде "Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай" медалі де бар.
Әсия Сайлауқызы қазіргі таңда бір ұл мен бір қызды тәрбилеп отырған ардақты ана, аяулы жар. Тұңғышы Досымжан Арқабеков Қазақ ұлттық өнер университетінде білім алған, қазіргі таңда Түркістан музыкалық драма театрында актер мамандығымен жұмыс жасауда. Кино индустриясына қадам басып, отандық фильм, сериалдарға да түсіп жүр.
Ал үйінің ерке қызы Дильназ Арқабекова жылдар бойы көркем және эстетикалық гимнастикамен шұғылданып, әлемдік жарыстарға қатысып, Әлем чемпионы және әлемдік деңгейдегі спорт шебері атағын алды. Қазіргі таңда Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясында білім алады.
Әсия Сайлауқызы ұлттық өнерден де құр алақан емес. Ол Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының ұйымдастыруымен өтетін мерекелік іс-шараларда дәстүрлі әндерімен әріптестерімізді тәнті етіп жүр. Жуырда Іс басқармасы жүйесінің Наурыз тойында да өнерін ортаға салды.
Иә, біздің кейіпкеріміз еселі еңбегінің арқасында талай белестерден өтіп, еліміздің даму жолында аянбай қызмет атқарып жүрген жан. Біз қарымды қабілетімен, пайымды парасатымен, білім-білігімен танылған Әсия Сайлауқызы әріптестерінің ғана емес, еліміздің де мақтанышы болуға лайық деп білеміз.