Ержан Максим: "Сенің қызың болайыншы" деп жазатындар көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Junior Eurovision-2019 байқауынан жүлделі екінші орынмен оралған Ержан Максим мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловамен кездесіп, байқаудан алған әсерімен бөлісті. 

Барлықтарыңызға жалынды сәлем. Сіздерге көп-көп рақмет. Мені осылай қолпаштап қабылдап жатқаныңызға, уақыт бөлгеніңізге алғыс айтамын. Тілейтінім әрқашан аман болыңыз. Аспанымыз ашық, еліміз аман, жұртымыш тыныш болсын, - деп бастады сөзін Ержан.

Ол байқаудан алған әсерімен, қызық сәттерімен бөлісті. 

Байқаудан алған әсерім, шын айтқанда өте қиын болды. Ең қызығы байқауда құлағыма наушник сыймай қалды. Оны скотчпен құлағыма жапсырып тастады. Тағы да қызықтар болғанда балалармен кешке қарай вальс биледік. Өзімнің қызыммен биледім, әзілдеймін. Қызым жоқ. Қызбен кездесетін уақыт жоқ. "Сенің қызың болайыншы" деп жазатындар көп, - дейді жас әнші. 

Ол байқауда ұйымдастырушылар мен қарсыластарының мықты болғанын айтады. 

Қонақүй жақсы. Тамақтары көңілімнен шықпады. Шынымды айтсам, бірінші күні бір тамақ берген. Стейк алып келді. Келесі күні ерніме ұшық шығып кетті. Әрең кетірдім. Польшаға қазы-қарта апардым, - дейді Ержан Максим.

Жас әнші Junior Eurovision-2019 байқауында қазылар алақасынан жоғары ұпай алғанымен, көрермендер берген дауыстан кейін екінші орынға ие болды. Алайда, ол қазақ еліне осындай орын алып бергеніне алғысын айтып, 2-орын үшін қуанышты екенін жеткізді. 

Байқаудағы қарсыластарынан Испаниядан келген қатысушы мықты болғанын, алайда жеңімпаз атанған польшалық қатысушы көрермендер дауысымен ғана 1-орынға ие болғанын айтты.

Ержан Андреа Бочелли, Лара Фабиан, Селин Дион және Димаш Құдайберген секілді атақты өнер иелерімен бірге ән айтуды армандайтынын айта кетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы