Ержан Қазыхан БҰҰ жүйелік ұйымдарының басшылығымен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Президентінің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыханның Женеваға жұмыс сапары аясында БҰҰ жүйелік ұйымдарының басшылығымен келіссөздер өтті.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Мишель Бачелетпен кездесу аясында Президенттің арнаулы өкілі Е. Қазыхан Қазақстанның БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі басқармасымен ынтымақтастығының басым бағыттарын талқылады. Тараптар құқық қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы және құқық қолдану практикасын жетілдіру бойынша өзара іс-қимылдың үлкен тәжірибесін, сондай-ақ Қазақстанның Адам құқықтары саласындағы елеулі прогресін атап өтті, – деп хабарлады ҚР СІМ-нің баспасөз қызметі.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Мишель Бачелет еліміздегі жетістіктер мен саяси өзгерістерді жоғары бағалап, ҚР Президентінің 9 маусымдағы «Адам құқықтары саласындағы одан арғы шаралар туралы» Жарлығының және Адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралардың ұлттық жоспаряның негізгі мақсаттарының маңыздылығын ерекше атап өтті. Жоғарғы комиссар Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың жақын арада Қазақстанға келуге шақыру жөніндегі жеке жолдауын ризашылықпен қабылдады.

Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесу 2021 жылдың соңында Женевада Қазақстанның төрағалығымен алғаш рет өтетін ДСҰ-ның 12-ші министрлік конференциясының маңыздылығын және дайындық барысын жан-жақты талқылауға мүмкіндік берді. Е. Қазыхан Қазақстанның дамуы мүддесінде ДСҰ-мен тығыз өзара іс-қимылын атап өтіп, ДСҰ басшысын еліміздің тең құқылы сауданы және вакциналарға әділ қол жетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ жаһандық экономиканы қалпына келтіруге бағытталған бастамаларын толық қолдайтынын растады.

ДСҰ басшысы Қазақстан ДСҰ-ның ең беделді мемлекеттерінің бірі екенін айтып, ұйым қызметіне тұрақты және жүйелі қолдау көрсеткені үшін елімізге алғысын білдірді. Нгози Оконджо-Ивеала Қазақстан Президентіне Женевада өтетін конференцияның ашылуына жеке қатысуға ресми шақыру жолдады.

БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Басшысы Татьяна Валоваямен кездесу барысында қарусыздану, климаттың өзгеруі, «KazAID» желісімен гуманитарлық көмек көрсету және тұрақты даму мақсаттары саласындағы қазақстандық бастамаларды ілгерілету мәселелері талқыланды. Е. Қазыхан Президент Қ. Тоқаевтың Биологиялық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық агенттікті құру бойынша бастамасының өзектілігін атап өтті, сондай-ақ Семейдегі сынақ полигоны жабылуының 30-жылдығына және Орталық Азияда ядросыз аймақ құру туралы шартқа қол қойылуының 15-жылдығына орайластырылған іс-шараларды БҰҰ тарапынан қолдаудың маңыздылығын атап өтті, - делінген ақпаратта.

Қазақстан Алматы қаласындағы Орталық Азия елдері мен Ауғанстан үшін арналған БҰҰ орталығының базасында өңірлік жобаларды іске асыруда, әсіресе төмен көміртекті даму, трансшекаралық су ресурстары, азық-түлік қауіпсіздігі, әйелдердің арасында кәсіпкерлігін дамыту, гендерлік теңдік және т.б. мәселелер бойынша БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінің қолдау көрсетуіне үміттенеді.

ДДҰ басшылығымен Президент Қ. Тоқаевтың ДДҰ бас директоры Т. Гебрейесуспен қол жеткізген уағдаластықтарының іске асыру барысы талқыланды. Қазақстанның ДДҰ-мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек саласындағы үлгілі ынтымақтастығы ҚР Президентінің БҰҰ аясында ауруларды бақылау және биоқауіпсіздік жөніндегі өңірлік орталықтар желісін құру туралы бастамасын іске асыру бойынша бірлескен іс-қимылдардың жаңа шегтерін ашады.

ДДҰ Бас директорының орынбасары С. Якаб COVID-19 пандемиясымен күрес бойынша іс-қимылға, Қазақстандағы вакцинация қарқынына жоғары баға беріп, Ұйымның басқа мемлекеттерге жәрдем көрсету үшін пайдаланылуы мүмкін болатын отандық «QazVac» вакцинасын жедел сертификаттауға жан-жақты көмек көрсетуге дайындығын білдірді.

Сапар барысында Арнаулы өкіл Е. Қазыхан Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) және БҰҰ-ның Еуропалық экономикалық комиссиясының басшылығымен де кездесті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы