Ержан Хамитов: Біздің мақсатымыз – Президенттің шешімдерін қолдау

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Jas Otan» Жастар қанаты Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ержан Хамитов Президенттің соңғы шешімдеріне қатысты пікірін білдірді.

Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Мәжілісте реформалар пакетін ортаға салды. Сондай-ақ Қазақстанның жаңа Премьер-Министрі Әлихан Смайылов тағайындалды. Алдағы реформалар еліміздің әлеуметтік-саяси дамуына оң әсер ететініне сенімдімін. Жаңа Үкімет халықтың өміріне оң әрі тез әсер ететін шешімдер қабылдауы тиіс, – дейді ол.

Оның айтуынша, бейбіт шеру кезінде қарағандылықтар Үкіметтен азық-түлік бағасын төмендетіп, халықтың күнкөрісін жақсартуды сұраған.

Қарағанды қаласында Республика даңғылында халық жиналған кезде мен де болдым. Ол жерде жастар мен үлкендер жиналып, еліміздегі қымбатшылыққа наразылық білдірді. Халықтың басты талабы сол болды. Бейбіт шерудің соңы Алматыдағы трагедияға ұласуы үлкен қайғы болды. Қарағандыда шеруге шыққан белсенділер бұзақылыққа бармайтынын, қалауларын бейбіт түрде айтатындарын жеткізген болатын. Алматы қаласындағы сияқты өзге де облыстарда болып жатқан лаңкестік әрекеттерге, ғимараттарды өртемейтінін айтты, – деді Ержан Хамитов.

«Jas Otan» Қарағанды облыстық филиалының төрағасы замандастарын Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты қолдауға шақырды.

Қазіргі жағдайда кімнің дос, кімнің қас екенін ажырату қиын. Президентіміздің нақты шешімдер қабылдап, барлық билікті өз қолына алғанына, халықты, мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтап қалғанына мың алғыс. Біздің мақсатымыз – Президенттің шешімдерін қолдау. Мемлекет басшысынан еліміздің экономикалық-әлеуметтік саласына байланысты оң шешімдерін күтеміз. Ең бастысы, жастарды қазіргі таңда провокаторларға сенбей, тек мемлекеттік органдар таратқан ресми ақпараттарды оқуға, шетелдік басылымдардың жазғанарына мән бермеуге шақырамын. Бастысы, халықтың жағдайы жақсы болса екен деген тілегім бар. Жас сарбаздарды жарық дүниеден айырған халықтың иесіз қалған заттарын тонағандар тиісті жазаын алуы керек деп есептеймін, – деп пікірін білдірді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы