Ержан Байжұманов: 4-5 жылда Маңғыстаудан Олимпиада чемпионы шығады деп сенемін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысы Дзюдо федерациясының атқарушы директоры Ержан Байжұмановпен дзюдо спортының, облыстағы спорт саласының мәселелері жайлы әңгімелескен едік. 

Тілші: Ержан Төкенұлы, ашық «Азия кубогінің» сәтті өтуімен құттықтаймын. Он жылдың ішінде жасөспірімдер турнирінен ересектер арасындағы Олимпиадаға ұпай беретін ірі жарысқа айналды. Жыл өткен сайын жауапкершілік те жоғарылап келе жатқан секілді?

Ержан Төкенұлы: Маңғыстау облысының құрметті азаматы Тұрар Жолдыбаевты еске алуға арналған ең бірінші жарыс 2009 жылы жасөспірімдер арасында өтті. 2010 жылдан бастап республикалық дәстүрлі іс-шара күнтізбесіне халықаралық жарыс болып енгізілді. Сол жылдан бастап Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан командалары қатысты. 2012 жылдан бастап 2016 жылға дейін ересектер арасында өткізілді. Және оларға «ҚР спорт шебері атағы» берілді. 2017 жылы ҚР дзюдо федерациясының басшылары Халықаралық дзюдо федерацисының басшыларына лицензиялық «Азия кубогын» Ақтау қаласында өткізуге ұсыныс жасады. Ол үшін арнайы комиссия да келіп-кетті. Бұл жарысты өткізу үшін IJF талабы бойынша инфрақұрылым, логистика және 5 жұлдызды қонақ үйлер болуы керек. Ол талаптарға Ақтау сай келді де, «Азия кубогын» өткізу шешімі шықты. Сол 2018-2019 жылы лицензиялық турнир өткізілді. 2020 жылы пандемияға байланысты өткізілмеді. 

Тілші: Биылғы турнирге тоқталсақ. Мәртебелі меймандар арасында анау-мынау жарыстарға бармайтын мықты дзюдо мамандары болды деп естіп жатырмыз. 

Ержан Төкенұлы: Иә, расында да IJF-тен 5 адам келді. Оның ішінде Лиза Аллан Ұлыбританиядан келді. Ол осындай лицензиялық жарысқа міндетті түрде келеді. Неге десеңіз жарыстың деңгейін, жарыс ережесінің бұзылмауын қарайды. Және пандемияға байланысты санитарлық талаптардың сақталуын бақылайтын «Ковид менеджер» келді. Сол кісілер жарыстың жоғары дегейде өткенін айтып, баға берді. 

Тілші: «Жолдыбаев» турнирінің Қазақстандағы ең мықты жарыстардың бірі екенін білеміз. Бұл жетістікпен тоқтамай тағы да өсу, өркендеу ойда бар ма?

Ержан Төкенұлы: IJF-тен келген комиссия жарыс жоғары деңгейде өткізілді деп бағалап қана қоймай, ендігі жерде «Азия кубогы» емес «Гран При» қылып өткізуге ұсыныс жасады. Гран При деген – одан да биік деңгейдегі жарыс. Және де беретін ұпайына қарайтын болсақ, Азия кубогында 100 ұпай берілсе, Гран приде 700 ұпай беріледі. 7 есе көп. Бұл жерде қаражат та көбірек бөлінеді. Деңгейі де, талабы да биік сондықтан жақсылап ойлану керек. Қазіргідей 10 шақты ғана мемлекет болмайды деген сөз. Кемінде 50-ден аса ел қатысуы мүмкін. Сондықтан ондай да жоспар жоқ емес. Гран При өткізу - үлкен абырой. Тек қана Маңғыстау үшін емес бүкіл Қазақстанға мәртебе. Сондықтан олар да осындай ұсыныс жасап отыр. 

Тілші: Жалпы Маңғыстаудағы дзюдоның жағдайына кеңірек тоқталсаңыз. Дзюдошыларымыз Олимпиада медалін қашан береді?

Ержан Төкенұлы: Биылғы олимпиадаға облыстан ешкім бармайды. Ендігі олимпиадаға дейін дайын болар потециалы бар спортшыларымыз жоқ емес. Олар бүгінгі жасөспірімдер мен жастар құрамасының мүшелері. Келесі олимпиададан бастап барады және нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз. 

Тілші: Ауылдағы таланттарды іріктеу, елдімекендерге спорт залдар салу туралы ұсыныстар жиі түсіп жатады. Осы бағытта не істемек ойларыңыз бар?

Ержан Төкенұлы: Бұл бағыттағы жұмыстар федерация президенті Асылбек Тұрарұлының басты назарында. Ауылдағы таланттарды іріктеу үшін астанадан аға жаттықтырушы Жәрдембек Қабылқанұлы деген бапкерді алдырды. Ол қазір жергілікті бапкерлермен бірге жұмыс істеп жатыр. Асылбек Тұрарұлының ауыл спортына деген көңілі бөлек. Ауыл балаларын дзюдоға баулуы үшін Жаңаөзенге, Мұнайлы, Түпқараған ауданына қарасты ауылдардан бапкерлерге штат ашып берді. Алдағы 4-5 жылдың ішінде Маңғыстаудан әлем, Олимпиада чемпионы шығады деп сенемін. Және де татами деген бар дзюдода. Дзюдоның кілемі. Ол өте қымбат нәрсе, ал ол болмаса, дзюдо болмайды. Асылбек Тұрарұлы ауыл спортының жанашыры ретінде Қызылсай, Таушық ауылдары мен Жаңаөзен қаласын татамимен толық қамтыды. 

Тілші: Әңгімеңізге рахмет!
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы