Ертіске 500-ден аса сібір бекіресі жіберіледі

Ертісте бекіре жүзетін болады. Ертеде осы өзеннің сәні болған балық кейінгі жарты ғасырда көрінбей кеткен еді, деп хабарлайды BAQ.KZ 24kz-ке сілтеме жасап. 

Енді Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында бекірені көбейтудің кешенді жоспары құрылды. Таяуда Қара Ертіске 500-ден аса сібір бекіресі жіберіледі. Ихтиологтардың айтуынша бұл жұмыс 8 жылдан кейін ғана нәтиже береді. Олар құнды балықтың жерсініп, өз ортасына қайта ораларына сенімді. Бекіре кезінде Ертістің еншісіндегі балықтардың бірі еді. Алайда браконьерлердің ауына көп ілікті. Ол аз болғандай, гидроқұрылғылар олардың жолын бөгеп, жойылуына ықпал етті.  

Сөйтіп, жылдар өте келе құнды балық мүлдем кездеспейтін болды. Мінекей, тек жарты ғасырдан соң ғана өзекті мәселені шешудің жолдары қарастырыла бастады. Әрбіреуі құжатталып, өлшенген бұл балықтар жергілікті бекіре фермасында өсіп жатыр. Ұзындығы 1 метрге жуықтайды. Кәсіпкер Ерлан Сағидолдин Ертістің ертедегі ихтиофаунасын қайта қалыпқа келтіруге атсалысып жүр. Жақында 500 сібір бекіресін өзенге жібереді. 

Жойылуға айналған сібір бекіресінің популияциясын қайтадан Ертіс өзенінде пайда болып, соның көбеюіне үлес қосамыз деп ойлаймыз, Енді бұл іс-шара тек бір жолға емес, жыл сайын және саны да жыл сайын көбейеді деп сенудеміз, - деді кәсіпкер Ерлан Сағидолдин.

Шығыс Қазақстандағы бұл мекеме елді уылдырықпен қамтамасыз етіп отыр. Балықты өсіруге барлық жағдай жасалған. Қазір 5 мың данадан аса бекіре бар. Жалпы өлкеде балық шаруашылығын өрістету қарқын ала бастады. 

 Келесі жұмада біз 500 дана сібір бекіресімен балықтандыру жұмысын жүргіземіз. Кезінде үш мың дана сібір бекіресін Павлодар облысында Ертіс өзеніне де жібергенбіз, - деді ШҚО Балық инспекциясы басшысының орынбасары Фархат Байбазаров.

Ихтиологтардың айтуынша, Ертіске жіберілген бекірелердің аман қалғаны тұқым беру үшін кем дегенде 8 жыл күту керек. Оны табиғат қаскөйлерінен қорғау да үлкен міндет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы