Ертіс өңірінде тұрғын үймен қамтудың жаңа механизмі іске қосылды
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде ипотекалық несиенің қолжетімділігін арттыру мақсатында тұрғын үй құрылысын қаржыландырудың жаңартылған механизмі іске қосылды. Енді кредиттік баспаналарды салуға әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы, жекеменшік құрылыс компаниялары мен екінші деңгейлі банк атсалысады.
Жаңашыл жүйе шеңберінде алдағы үш жылдың ішінде Павлодар қаласында 33 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілмек. Нәтижесінде 400-ден астам азамат армандаған баспаналарына қол жеткізбек.
Қазіргі уақытта облыс орталығында екі тоғыз көпқабатты үй бой көтеруде. Құрылысшылардың айтуынша, пәтерлердің жалпы аумағы типтік пәтерлерге қарағанда әлдеқайда кең. Мәселен, екі бөлмелі пәтердің аумағы 57,3 шаршы метр, ал үш бөлмелі пәтердің аумағы 80 шаршы метрді құрайды. Құрылыс жұмыстарын «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпрациясы салып жатыр.
«Жекменшік кәсіпорын осы жерді және мемлекеттік сараптамадан өткізілген жобалық-сметалық құжаттаманы бізге сеніп тапсырды. Бүгінде төрт бірдей үй бой көтеруде. Биыл 200 пәтер халық игілігіне берілмек. Жалпы, төрт жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Сонымен қатар, Ақсу қаласында бір тұрғын үйдің реконструкциясын жүргізіп жатырмыз. Бұл – біз үшін алғашқы тәжірибе», - дейді «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы төрағасының орынбасары Абай Кәрімов.
Жаңа механизм тұрғын үй жинақ банкінің «Өз үйім» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылады. Бүгінде жайлылығы үшінші деңгейлі болатын баспаналардағы шаршы метрдің бағасы - 165 мың теңге.
«Бұл салымшылар, құрылысшылар мен екіншідеңгейлі банк үшін тиімді болып келеді. Яғни, салымшылардың қажеттіліктеріне орай үй салып беруді көздейміз. Қалталары көтеретіндер үшін ипотекалық несиенің жылдық ставкасы 7%-дан кем емес. Баспана құнының 20% жиналған жағдайда, банк шартына сәйкес пәтерлерді үйлестіреміз. Салымшылардың жасына байланысты ипотекалық тұрғын үй 24 жылға дейінгі мерзімге беріледі», - дейді «Қазақстан тұрғны үйжинақ банкі» АҚ Павлодар облыстық филиалының директоры Талғат Баисов.
Бүгінгі таңда екінші деңгейлі банктің 57 мыңнан астам салымшысы бар. Ал ипотекалық портфель - 7 мыңға жуық. Өткне жылы олардың қатары 10 мыңға артқан.
Ақмаржан Әділбек
Фото автордікі