Ертіс өңірінің 15 ұстазы төсбелгі мен 2,7 млн теңге сыйақыға ие болды

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінің үздік мұғалімдері облыстың білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлестері үшін марапаттарға ие болды. 

Кәсіби мереке қарсаңында 15 ұстазға төсбелгі мен 2,7 млн теңге көлеміндегі сыйақы табысталды. Жыл соңына дейін осындай марапаттарға тағы 35 педагог ие болмақ. 


Аймақтағы білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлының айтуынша, сыйақыға арналған қаражат облыстық бюджеттен бөлінді. 

Үздік ұстаз атану оңай емес. Бәсеке күшті. Мәселен, «Облыстың білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» наградасына ие болу үшін іріктеу жүргізілді. Оған облыстың 650 ұстазы қатысты. Олардың еңбек өтілі мен оқушыларының жетістіктері ескерілді. Тәуелсіздік күні қарсаңында ұстаздарымызды тағы марапаттаймыз. Іректеу шарасы тағы ұйымдастырылады, - дейді Дінислам Болатханұлы. 

Айта кетейік, бұл марапат тек Павлодар облысының мұғалімдеріне үлестірілді. Салтанатты шара барысында аймақ басшылығы мұғалімдер қауымдастығымен әңгіме өрбітті. Ұстаздар қауымы облыс басшылығына дарынды стипендиаттардың қорын құруды сұрады. 

Сала мамандарының айтуынша, қор дарынды балалардың өзгелерге үлгі болуына сеп болып, оқушыларды ынталандыруды көздейді. Педагогтар болашақ қорға «Ел болашағы» атауын беріп үлгерді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы