«Ертіс» Түркияға екінші оқу-жаттығу жиынына кетті
Астана, BAQ.KZ. Павлодарлық футболшылар алдағы маусымға дайындық аясында екінші оқу-жаттығу жиынын өткізу үшін Түркияның Белек қаласына кетті. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.
«Ертіс» ФК баспасөз қызметінің берген мәліметі бойынша, футболшылардың Түркиядағы жаттығулары бүгін басталады.
«Футбол маусымына дайындық мақсатымен өткізілетін команда жиыны бүгін басталады. Жиын аясында төрт жолдастық кездесу өткізу жоспарлануда. Қарсылас командаларының аттары жақында жария етіледі. Екінші жиын 7 ақпанға дейін жалғасады», - деп хабарлайды баспасөз қызметінің өкілдері.
Команда құрамындағы соңғы өзгерістерді айтып өтсек, «Ертіске» 28 жастағы венгр жартылай қорғаушы Патрик Хиди ауысты. Патрик Хиди Венгрияның «Гонвед» және Испанияның «Овьедо» командаларында доп тепкен. 2016-2017 жылғы маусымда Мажарстан (Венгрия) чемпионатының чемпионы атанды.
Көбінде-көп Патрик Хиди артқы орталық жартылай қорғаушысы позициясында ойнайды. Еліміздің басқа клубтарынан ұсыныстар түскеніне қарамастан, венгр «Ертісті» таңдаған. Мамандардың айтуларынша, жартылай қорғаушы қарсылас шабуылдарын тоқтатып, командасының белсенді қимылдарын бастап беруге машықтанған.