Ертіс өңірінде су өткізу құбырлары тазартылып жатыр

Павлодар облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде су тасқынына қарсы шаралар жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар қолға алынды. Қазіргі уақытта жұмыс комиссиясының мүшелері су басуы ықтимал елді мекендерде бақылауды күшейтті.

Облыстық ТЖД-нің бастығы Ернұр Өтегеновтың мәліметінше, 2018 жылғы су тасқыны кезеңі бойынша 32 елді мекенде сақтық шаралары күшейтілді. Бұл ауылдарда 4 мыңға жуық тұрғын мен 1 мың 33 тұрғын үй бар. Сонымен қатар, жыл сайын су шайып кететін автомобиль жолдарының 42 учаскесі мен теміржолдың 1 учаскесі ерекше бақылауда.

«Алдағы екі жылда су тасқыны қаупін жою және алдын алудың кешенді жоспары шеңберінде 3 жоба жүзеге асырылуда. Біріншіден, Ақтоғай ауданы Шұға ауылындағы су өткізу құбырлары тартылады. Екіншіден, Баянауыл ауданының елді мекендерін тасқын судан қорғау мақсатында, Ащысу өзенін тазарту, жағалауын бекіту және түбін тереңдету жұмыстары қолға алынады. Үшіншіден, елді мекендерді Баянауыл лиманды суландыру жүйесін қайта жасау арқылы су тасқынының қаупін азайту жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде, Шұға ауылында қызыл судың қаупі сейіледі», - дейді Ернұр Өтегенов.

Айта кетерлігі, Баянауыл ауданында екі жобаны жүзеге асыру қар суын лиманды аумаққа жинап, нәтижесінде 330 үйді су басу қаупі төмендейді.

Су тасқыны кезінде республикалық және облыстық маңыздағы жолдарда көлік қозғалысына кедергі келтірмеу үшін, тас жолдардың бойындағы құбырлар тазартылуда.

«Бүгінде облыс аумағында 1 мың 59 нысан бар. Олардың 75%-ы тазартылды. Олардың 85%-ы республикалық жолдарда, 65%-ы облыстық, ал 75%-ы аудандық жолдардың аумағында орналасқан», - дейді департамент бастығы.

Облыста төтенше жағдайларды жою және алдын алу мақсатында 1 млрд 206 мың теңге қаражат қарастырылған. Төтенше жағдай туындаған жағдайда 490 техника мен 1479 адамнан құралған күш құрылымдары дайын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы