Ертіс өңіріндегі әскери бөлімде «Отан қорғаушылары» патриоттық шарасы өтті
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Облыс орталығындағы «Шығыс» аймақтақ қолбасшылығының 5512 әскери бөлімінде өткен «Отан қорғаушылары» патриоттық акциясы шеңберінде қызмет барысында үздік атанған әскерилер марапаттарға ие болды. Төл мерекеге орайластырылған шара барысында 40-тан астам Отан қорғаушының еңбегі еленді.
Әскери қызмет барысында ерекшеленген солдаттар мен офицерлер мақтау қағаздарымен марапатталып, медальдерге ие болды.
Ұлттық ұланның бұл бөлімінің тарихы бай. Еліміздегі үлгілі құрылымдардың бірі болып саналады. Әскери бөлім 1989 жылы бөлек милиция батальоны ретінде құрылды. Бүгінгі күнге дейін сарбаздар қауымы Павлодар қаласы тұрғындарының тыныштығын күзетіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде.
5512 әскери бөлімнің штаб бастығы Нариман Ибрагимовтың айтуынша, ширек ғасыр ішінде әскери бөлімнің материалдық-техникалық жағдайы адам танымастай өзгерді.
«Отан алдындағы борышын өтеп жатқан азаматтарға деген талап та күшейген. Әскери керек-жарақтар, заманауи материалдық-техникалық базамен, киім-кешекпен қамтылуда мәселелер жоқ. Әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайына да баса назар аударылған. Солдаттардың тұрмысы жыл сайын жақсарып келеді. Әлеуметтік жеңілдіктер де жетерлік. Сондықтан, жастар қауымы әскери қызметке қызығушылық танытып, салада еңбек еткісі келеді», - дейді Нариман Ибрагимов.
Айта кетейік, ертең Отан қорғаушы күні әскери бөлімде мерекелі кшара өтеді. Солдаттар Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен жүздесіп, тұрмыс-тіршіліктерімен таныстырмақ. Бұл - жылдағы дәстүрлі шара.