«Ертіс орманындағы» өрт оқшауланды

Павлодар облысындағы «Ертіс орманы» резерватындағы өрт оқшауланды, деп хабарлайды BAQ.KZ Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шарбақты ауданындағы орман шаруашылығының ақпараты бойынша «Ертіс орманы» резерваты аумағындағы өрт бүгін сағат 14.14-те оқшауланды. Алдын ала мәлімет бойынша өрттің аумағы 850 гектарды құрайды, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, «Ертіс орманы» резерватының ақпаратына сәйкес, әуеден барлау нәтижесінде өртенген аумақтың алдын ала ауданы 850 гектарды құрады.

Оқиға орнында 100-ден астам техника мен 300-ден астам адам, оның ішінде 5 тікұшақ өртті сөндіруде. Бір тәулік ішінде өрт ошақтарына әуеден 22 рет жалпы көлемі 66 текше метр су төгілді.

Өртті сөндіруге Астана қаласы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары ТЖД күштері мен құралдары жұмылдырылды.

Өрт сөндірушілердің жұмысын ыстық, құрғақ ауа райы және қатты жел қиындатқан. Жағдайды бақылау үшін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов пен облыс әкімі Асаин Байханов барды.

Өртті сөндіруге Семей қаласынан Қорғаныс министрлігінің Ми-17, Ми-171 ұшақтары келгені туралы хабарланған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы