Ертіс өңіріндегі түзеу мекемелерінде Отбасы күніне арналған іс-шаралар басталды

Павлодар облысында қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде Отбасы күніне арналған кешенді шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің тілшісі.

Сала мамандарының айтуынша, Отбасы күніне арналған шараларға қатысатын қызметкерлердің белсенділігі жоғары. Мәселен №46 түзеу мекемесінің ұжымы ерекшеленіп, отбасылық құндылықтары мен игі дәстүрлерін паш етті.

Осындай мерекелік шаралар арқылы қызметкерлерімізді басқа жағынан тани түсеміз. Олар қызметте жазасын өтеушілермен жұмыс істейтін қатал маман болса, отбасында – адал жар, қамқор әке. Біздің мақсат та сол – үлгілі жанұялар арқылы отбасылық құндылықтарды барынша насихаттау. Мәселен, осы жолы мерекелік шараға 10-ға жуық жанұя қатысты. Олар қызықты байқауларда жылдамдық пен ептілік бойынша шеберлік байқасты. Әкелер, тіпті, нәрестені құндақтау бойынша да жарысты. Спорттық кезеңдер де әріптестеріміздің көңілінен шықты, - дейді ұйыидастырушылар.

Мекеме бастығы Сұлтан Бакиннің айтуынша, осы тектес шаралар бірінші кезекте қоғам ішінде отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталады.

Отбасы күні баршамыздың сүйікті мейрамына айналып үлгерді. Қызметкерлеріміз мерекені жұмыс орнында  атап өтуді керемет дәстүрге айналдырды. Өйткені, жанұя  - әрқайсымымыз үшін баға жетпес байлық, - дейді Сұлтан Бакин.

Айта кетейік, қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелеріндегі шаралар осымен шектелмейді. Алдағы уақытта түрлі форматтағы шығармашылық, спорттық жарыстар ұйымдастыру жоспарланған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: №46 түзеу мекемесі
Өзгелердің жаңалығы