Ертіс өңірінде шыбын-шіркеймен күрес жұмыстары жалғасып жатыр

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде қансорғыш жәндіктерге қарсы жұмыстар жалғасын табуда. Шыбын-шіркейлердің дернәсілдері  бір апта бұрын анықталған. 

Сала мамандары, улау жұмыстарының тиімділігі 80% болады деп топшылауда. Ғылыми сүйемелдеу тобының жетекшісі Жұмагелді Оспановтың айтуынша, сәуір айында масалардың дернәсілдік кезеңдері жіті бақыланады. 

Біз сегіз күн бұрын облыс орталығында дернәсілдердің бастапқы дамыған кезеңдерін байқадық. Дернәсілдер Металлургтер саябағы, Зеленстрой шағын ауданындағы су тоғандары мен қала шетінде анықталды. Бұл аумақтардың барлығы препараттармен өңделді. Енді арнайы экономикалық аумақта жиналған суларды өңдемекпіз. Химиялық сұйықтықтар қолданылады, - дейді Жұмагелді Оспанов. 

Энтамологтардың айтуынша, маса қанатқа тұрса, 12 шақырымдық радиусқа таралуы мүмкін. Қансорғыш жәндіктердің таралуына жол бермеу мақсатында дернәсіл пайда болысымен улау шаралары қолға алынады, 

Айта кетейік, бірінші кезеңде «Бактицид» құралымен облыстағы 27 мың гектардан астам аумақ өңделеді. Бұл жерлерге Ертіс өзенінің жайылымы, шағын көлдер жатады. Ертіс өзенінің негізгі арнасы да өңделеді. Бас-аяғы 1300 шақырымына ерітінді құйылмақ. Бұл өзеннің суларында  тіршілік ететін балықтар мен өсімдіктерге зиян келтірмейді.

Өңдеу шараларының барысын қоғамдық топтар жіті бақыламақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы