Ертіс өңірінде оқушылар ұстазына ота жасату үшін қайырымдылық шарасын өткізді

Павлодар, BAQ.KZ. Ертіс өңірінде оқушылар ауруға шалдыққан ұстаздарына көмектесу үшін үнсіз отырмай, қайырымдылық шарасын өткізді. Шәкірттердің бастамасын аймақтың қолөнер шеберлері де қолдады.

Облыс орталығындағы білім беру орталығының мұғалімі Алла Погореловаға "үшінші деңгейлі коксартроз" диагнозы қойылып, эндопротездеу бойынша операция жасалған. Араға 12 жыл салып, ота жасалған буын ауыра бастаған. Қозғалу жүйесінде де ауытқулар пайда болып, жүріп-тұрудың өзі мұңға айналды.

Алла Погорелованың туысы Юлия Ткаченконың айтуынша, эндопротезді тез арада ауыстыру керек. Ол үшін ревизиялық операция қажет.

Тез арада ота жасалмаса, Алла Ивановнаның жамбас сүйегі бүліне бермек. Операцияның құр оңалту шараларын қоса есептегенде 3 млн теңгені құрайды. Оқушылар ұстаздары үшін бір арнаға тоғысты. Бізді Алла еңбек еткен Тереңкөл ауылындағы Трофимовка ауылындағы орта мектеп оқушылары да қолдады. Балалар қолдан жасалған бұйымдарын сатты, - дейді Юлия Ткаченко.

Қайырымдыдылық шарасына 11 қолөнер шебері қатысты. Нәтижесінде 350 мың теңге жиналып, ұстаздың туған-туысқандарына берілді. Олардың айтуынша, бұл диагноз негізінде мемлекеттік квота бойынша операция жасауға болады. Десе де, сырқат мұғалімнің күтетін уақыты жоқ. Операция екі аптадан соң Нұр-Сұлтан қаласында жасалады.

Айта кетейік, былтырғы жылы аймақтың еріктілері 150-ге жуық түрлі шара ұйымдастырған. Бүгінде өңірде белсенді волонтёрлік іспен 100-ге жуық жас айналысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы