Ертіс өңірінде «Өмірді сақта» акциясы басталды
Ертіс өңірінде қылмыстық-атқару жүйесі департаменті мен «Еңбек» мемлекеттік кәсіпорны «Өмірді сақта» акциясын қолға алды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Сала мамандарының айтуынша, шараны өткізудегі мақсат – балалардың терезелерден құлап кетпеуі үшін арнайы құралдар жасап, осы әрекет арқылы қауіп туралы ескерту. Ол үшін сотты болған азаматтар аз қамтамасыз етілген отбасылар үшін терезедегі шектеу құралдарын жасап береді.
Мен жазамды өтеп жатырмын. Еңбек етемін. Қоғамға пайдамды көрсету үшін терезелерге арналған торлар жасап жатырмын. Мен де – әкемін. Қыз балам бар. Сондықтан, бұл мәселеге алаңдаймын. Балалардың жарақат алуын қаламаймын. Бала өмірінен артық ештеңе жоқ, - дейді сотталушы Анатолий Химич.
№45 мекемеде жазаларын өтеп жатқан азаматтар металл конструкцияларын жасау цехына жұмысқа орналастырылған. Бүгінгі күнге дейін жасалған құралдар бес отбасының пәтерінде орнатылды.
«Өмірді сақта» акциясы шеңберінде әлеуметтік әлжуаз топтарға жататын жанұяларға терезелерге торлар мен тиектерді орнатуды ұсындық. Бұл қарапайым құралдар балалардың өмірін сақтайды. Сотталушылар ұсынысымызды қабыл алды. барлығының балалары бар, - дейді облыс бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкері Динара Махмудова.