Ертіс өңірінде коронавирустық инфекциямен күрес жұмыстары күшейтіледі
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында эпидемиологиялық жағдай тұрақталса да, инфекциямен күрес жұмыстары бәсеңсіген жоқ. Аймақта коронавирустың ықтимал толқынына дайындық күшейтілуде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Сәуле Арыстанованың хабарлауынша, бүгінде өңірде күн сайын ауру жұқтырудың 30 жағдайы тіркелуде. Бүгінде инфекциялық төсек-орындардың 25%-ы толық.
Мамандардың айтуынша, эпидахуал ушыққан жағдайда облыстың медициналық ұйымдары жанынан 4051 төсек-орынды іске қосуға мүмкіндік бар. Сонымен қатар жасанды демалу аппараттарының 300 бірлігін қолдануға болады.
Облыста тәулігіне 3350 ПТР-зерттеу жүргізуге қауқарлы алты зертхананы іске қосуға болады. Жағдай өзгерсе, 11 оттегі станциясын іске қосуға мүмкіндік бар. Олардың басым бөлігі коронавирустық стационарларға тиесілі. Бүгінде 1500-ге жуық инфекциялық орын оттегімен қамтылған. Сонымен қатар 11 компьютерлік томограф пен 80-нен астам рентген-аппарат бар. Қорғаныс құралдарына келсек, емдеу мекемелері 45 күндік қормен қамтылған. Дәрі-дәрмек қорына қатысты мәселе жоқ. 600-ге жуық медициналық маманнан құралған резерв те жасақталған, - дейді Сәуле Арыстанова.
Айта кетейік, аймақта халықты жаппай вакциналау шаралары басталды. Бүгінгі күні «Гам-Ковид-Вак» препаратының бірінші компонентін алты мыңнан астам тұрғын алған. Ал екінші компонент бойынша үш мың адамға екпе салынды. Жалпы облыс бойынша иммундауға 90 мың доза бөлінген.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Ел чемпионаты. Шымкент Павлодар құрамасын 15:0-мен ұтты
Өзгелердің жаңалығы