Ертіс өңірінде арналардан су босату жұмысы басталды

Ертіс өңірінде Қаныш Сәтбаев арнасынан Шідерті-Өлеңті аймағының төменгі жағына су босатыла бастады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Шідерті-Өлеңті аймағына табиғат қорғау мақсатындағы су босату – жыл сайын жүргізілетін экологиялық шара. Мамандардың айтуынша, су босату табиғи және экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған. Нәтижесінде жақын маңдағы Әулиекөл өзендер жүйесі тіршілік нәрімен қамтылып, балық ресурстарының көбеюіне оң септігін тигізеді. Бұл жүйеге Әуликөл, Бозайғыр, Бәсентиін, Өмірзақ, Көктөбе, Тоқкүл, Қалдыкөл және Ащыкөл жатады.

Ғылыми негіздемеге сүйенсек, босатылатын су көлемі 120 млн текше метр. Бұл Ақтоғай ауданындағы Шығанақ көлі мен Шідерді-Өлеңті зонасын сумен тиімді қамтуға жеткілікті. Ақтоғай ауданы 15 млн текше метр көлімендіге су ресурстарына қол жеткізеді, - дейді облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Айгерім Қабылтаева.

Мамандардың есебінше, табиғи су босату нәтижесінде 21 мың гектарлық шабындық жерге су жайылады. Осылайша, бірнеше аудан мен Екібастұз қаласының ауылдық аймағы құрғап қалмайды. Бұл 50 мың мал басын шүйгін азықпен қамтуға да мүмкіндік береді.

Су босату барысын арнайы мониторнгтік топ бақылауда ұстайды.

Айта кетейік, су босату жұмыстары жуық арады Бұқтырма су қоймасынан да жүргізіледі. Нәтижесінде Ертіс өзенінің аумағы суға толады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы