Ертіс өңірінің диқандары көктемгі дала жұмыстарына кірісті
Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Ертіс өңірінде жарияланған карантин режимі диқандарға көктемгі дала жұмыстарын бастауға кедергі келтірмеді.
Көктемгі егістік науқанына алғашқылардың бірі болып Павлодар ауданына қарасты Черноярка суармалы массивінің шаруалары бастады. Диқандар қызанақ, сәбіз, қияр және қызылша егуге кірісті.
"Черноярка" ауыл шаруашылығы кооперативінің төрағасы Николай Надедовтың айтуынша, аудандағы 130-дан астам шаруа қожалығы жұмыстарын рет-ретімен бастап жатыр. Арзандатылған жанар-жағармай өз уақытында бөлінген.
Суармалы алқаптардың аумағы 66 мың гектардан асады. Біздің шаруалар әдетте қызылша, қияр, қызанақ, қырыққабат сияқты дәстүрлі көкөністерді өсіреді. Төрт жыл бұрын пияз өсіруді қолға алып, ішкі нарықтың бір бөлігін қамтып отырған жайымыз бар. Осы жылы да пияз өсіруге ниет білдірген азаматтар табылды. Сапалы өнімдеріміз әрдайым сұранысқа ие, - дейді Николай Надедов.
Айта кетейік, өңірдің картоп өсірушілері карантиндегі бірнеше шаһарды көкөніспен қамтып отыр. Павлодар ауданының көкөнісшілері Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына бір ай ішінде бес мың тонна картоп жөнілтілген.
Жалпы, биылғы көктемде Павлодар ауданында 73 мың гектер жерге тұқым себілмек. Олардың төрт гектары - картопқа, үш гектардан астам алқап өзге де көкөніске арналған. Сонымен қатар, 1200 тоннадан астам арзандатылған жанар-жағармай бөлінген.