Ертіс өңірінде 60 мыңға жуық тұрғынның өсімпұлдары мен айыппұлдары өтелді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз қызметінде ҚР Ұлттық банкі Павлодар филиалы директорының орынбасары Ердос Спандияров мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Жалпы, қазақстандықтардың 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдайға сәйкес кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша есептелген айыппұлдар пен өсімпұлдар өтеледі."Ел Президентінің «Қазақстан Республикасы азаматтарының қарыздық жүктемелерін төмендетуге арналған іс-шаралар туралы» Жарлығын жүзеге асыру шеңберінде ел Үкіметі мен Ұлттық банк банктер мен микрокредиттік ұйымдармен бірлесіп, екі бағытта тиісті жұмыстарды қолға алды", - деді Ердос Спандияров.
Бірінші бағыт тұрғындардың әлжуаз топтары үшін кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша 300 мың теңгеге дейінгі қарыздарды өтеуді көздейді. Оған көпбалалы аналар; асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алатын отбасылар; 18 жастан асқан бала кезден мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар; мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар; сондай-ақ екінші деңгейлі банктер мен микрокредиттік ұйымдарда қарыздары бар жетім балалар, ата-ана қамқорлығынан айырылған, 20 жасқа толмаған, кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-аналарынан айырылған азаматтар (негізгі қарыз + сыйақы) жатады. 2019 жылдың 1 маусымындағы жағдайға сәйкес барлық несиелер бойынша жалпы сомасы 3 млн теңгеге дейінгі қарыздар қарастырылады. Бүгінгі күні қарыздары бар азаматтардың тізімін жасау бойынша ақпарат жинақталды. Алдын ала болжам бойынша еліміздің 508 мың азаматына жалпы сомасы 105,5 млрд теңгенің мемлекеттік қолдауын алуға мүмкіндік бар. Ал, екінші бағытқа сәйкес ҚР барлық азаматтарының кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды өтеу жүктелген.
"Қазіргі уақытта Павлодар облысы бойынша 59300 азаматтың 1,6 миллиард теңгелік барлық айыппұлдары мен өсімпұлдары өтелді", - деді Ердос Спандияров.
ҚР Ұлттық банкі Павлодар филиалы экономикалық сараптама және статистика бөлімінің басшысы Дихан Түкенов азаматтарға банктер мен микрокредиттік ұйымдарға барудың қажеті жоқ екенін және тиісті жұмыстарды кредиторлар өз бетінше жүргізетіндігін атап өтті.
"Кейін мамандар қарыз алған азаматқа тиісті ескертулерді жолдайды. Қарыздарды өтеу механизмі аяқталған соң Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Е-халық» жүйесіне ақпарат енгізеді. Айта кетейік, кепілсіз тұтынушылық қарызды өтеу туралы ақпаратты алу үшін өтініш беруші (үстіміздегі жылдың 15 қыркүйегінен кейін) «Азаматтарға арналған Үкімет» Мемлекеттік корпорациясы (әрі қарай - Мемлекеттік корпорация) немесе «Электронды Үкіметтің» веб-порталына жүгіну керек. Мемлекеттік корпорация азаматтың өтініші бойынша «Е-халық» ақпараттық жүйесіне «Электронды Үкімет» шлюзі арқылы өтініш жасайды және оған кепілсіз тұтынушылық қарызды өтеу бойынша ақпарат береді", - деді Дихан Түкенов.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Нұр-Сұлтанда кітап фестивалі өтеді
Өзгелердің жаңалығы