Ертіс өңірінде суырларды аулау басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысындағы аңшылықтың негізгі кезеңі қыркүйек айында басталады. Бұл туралы pavlodarnews.kz сайты хабарлайды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Нариман Жүнісов ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 17 маусымдағы бұйрығымен 2019 жылғы 1 шілдеден 2020 жылғы 1 шілде аралығында жануарларды аулау лимиті бекітілгенін айтты.

«Бұрын лимит 15 ақпаннан келесі жылдың 15 ақпанына дейін белгіленетін. Оған қаңтардан желтоқсан айы арасында зерттеу жұмыстарын жүргізу әсер етті. 2015 жылдан көктемгі аңшылыққа тыйым салынған. Себебі, көктем – көбею мезгілі болып табылады. Көктемде аң аулау шығынға әкелді. Кез келген жануарға көктемде аңшылық жасау олардың мазасын қашырады. Құстар ұя салар орындарын тастап кетіп, осының әсерінен ұя салу үрдісі бұзылады. Сондай-ақ, көктемде аң аулау кезінде репродуктивті тұрғыда белсенді және бағалы жануарлардың еркектері ең алдымен нысанаға ұшырайды, бұл жануарлардың генофондына нұқсан келтіреді», - дейді деді Нариман Жүнісов.

Павлодар облысында сүтқоректілердің 20 түрі және құстардың 60 түрі мекендейді. Өңірдегі аңшылықтың нысаны ретінде сүтқоректілердің 10 түрі және құстардың 8 түрі белгіленген.

Инспекция басшысының айтуынша, көктемгі аңшылыққа тыйым салу нәтижесінде өткен жылдың қорытындысы бойынша облыстағы суда жүзетін құс саны 14 пайызға өскен. Оның ішінде қаз – 23 пайыз, үйрек 19 пайызға артқан.

«Аңшыларға есткертетініміз 1 шілдеден бастап тек суырды аулауға рұқсат етілген. Аңшылықтың негізгі кезеңі қыркүйек айында суда жүзетін құстарды атуға рұқсат берілген кезде орын алады», - деді Нариман Жүнісов.

Айта кетейік, Павлодар облысында аңшылық алқаптардың жалпы ауданы – 9,8 млн гектарды құрайды. Облыста 38 аңшылық шаруашылығы бар.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы