Ертіс балалары «Шоқан жолы» экспедициясына қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жазғы демалыс және балалардың бос уақытын қамту бағдарламасының аясында Павлодар облысы Ертіс ауданы Северный орта мектебінің оқушылары Северный-Омбы-Семей-Северный бағыты бойынша «Шоқан жолы» экспедициясына қатысты.

Бұл туралы Ертіс ауданы білім беру бөлімі мәлім етті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

«Шара омбы қаласындағы әріптестерімізбен қол қойылған ынтымақтастық Меморандумы негізінде «Бір күн қалада» – «Бір күн ауылда» жобалары шеңберінде ұйымдастырылды. Экспедиция алдымен Омбы қаласына тоқтап, қатысушылар 1947-1953 жылдары Шоқан Уәлиханов оқыған Омбы Кадет әскери корпусына барды. Мұражайда балалар Омбы казак әскери училищесінен Омбы кадеттік әскери корпусына дейінгі 206 жыл бойғы оқу орнының білім беру тарихымен танысты. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында мектептің негізінде қалыптасқан жауынгерлік жолды көре алды. Біздің жерлесіміз, ұлы көшбасшы Шоқан Уәлихановқа арналған стеллаж балалардың ерекше қызығушылығын тудырды. Кейін балалар оқу кабинеттері, спорттық залдар және демалыс бөлмелерін қарап шықты», - деді білім беру бөлімінде.

Жоба барысында кездесу ұйымдастырушылары балаларға «Ресей - менің тарихым» мультимедиялық тарихи паркіне экскурсия ұйымдастырып, «Вавилон» кинотеатырында 3d форматында фильм көрсетіп, Омбы қаласының №114 орта мектебінің негізінде ашылған қазақ ұлттық мәдени орталығының жұмысымен таныстырды.

«Шоқан жолы» экспедицияның келесі аялдамасы тамыз айында Семей қаласы болады деп жоспарлануда. Балалар Шоқан Уәлихановтың жақын досы болған Фёдор Достоевскийдің әдеби-мемориалды үй-мұражайына барады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы