Ертеңнен бастап Алматыда жасыл желекті биологиялық түрде өңдеу басталады
Ағаштардың қалыпты жағдайын сақтау және зиянкестерге төзімділігін арттыру мақсатында 14 сәуірден бастап қаланың жасыл желегін биологиялық өңдеу басталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Зиянкестерге өңдеуден кейінгі әсерді күшейту үшін биылдан бастап бірінші кезеңде (вегетация басында) емендер төрт рет, теректер екі реттен өңделеді. Бұған дейін олар бір рет қана өңделетін. Алайда өңдеу реттілігі аздығының тиімсіз екендігі дәлелденді және ағаштарды сақтап қалуға мүмкіндік бермейтіні анықталды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жұмыс барысында адамдарға құстар мен жануарларға зиянсыз, климаттық ерекшеліктерді ескере отырып ҚР аумағында қолдануға рұқсат етілген сертификатталған қауіптілігі төмен классқа жататын (П-4) биологиялық және кейбір кездерде химиялық препараттар қолданылады.
Жапырақ кеміргіш және зең ауруларын қоздырғыш зиянкестерге қарсы өңдеуде 2,3 млн астам ағашты қамту жоспарланған. Зиянкестер мен аурулардың биологиялық ерекшеліктеріне қарай өңдеу түнде және таңғы уақытта жүзеге асады, - деп жазылған Алматы әкімдігінің хабарламасында.
Биыл биологиялық өңдеу әдеттегідей төрт кезеңде жүргізіледі:
- 14 сәуірден 20 мамырға дейін;
- 30 мамырдан 30 маусымға дейін;
- 10 шілдеден 10 тамызға дейін;
- 20 тамыздан 20 қыркүйекке дейін.