16 Ақпан 2026, 15:45
Фото: lyubosvit.com.ua
Ертең Женевада Иран мен АҚШ арасында келіссөз өткізіледі
17 ақпан күні Женева қаласында екі ел арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жанама келіссөздер өтеді.
17 ақпан күні Женева қаласында Иран мен АҚШ арасында Иранның ядролық бағдарламасына қатысты жанама келіссөздер өтеді. Бұл туралы Иран Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ведомствоның хабарлауынша, келіссөздерге Оман Сыртқы істер министрі Бедр бин Хамед аль-Бусаиди делдал ретінде қатысады.
Делегация құрамында кімдер бар?
Америкалық тараптан келіссөзге: Дональд Трамптың Таяу Шығыс жөніндегі арнайы өкілі Стив Уиткофф, кәсіпкер Джаред Кушнер қатысады деп жоспарланған.
Ал Иран делегациясын елдің Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи басқарады.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін келіссөздердің алғашқы кезеңі Оман астанасы – Маскат қаласында өткен.
Сарапшылардың пікірінше, Женевадағы кездесу – ядролық бағдарлама төңірегіндегі шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған кезекті дипломатиялық қадам. Келіссөздер жанама форматта өтетіндіктен, делдал ретіндегі Оманның рөлі маңызды болмақ.