"Ертең мен кеткенде көресіңдер...". Баланы суицидтен қалай қорғаймыз
Бала қауіпсіздігі - бүгінгі қоғамның негізгі мәселелерінің бірі. Баланың өзіне қол жұмсау туралы ойларын, әрекеттерін немесе бойындағы қандай да бір өзгерістерін өзіне назар аудартудың тәсілі емес, қауіп ретінде қабылдау керек. Мұндай адамдарға жақындары, достары және айналасындағы адамдар көмектесе алатынын назарда ұстаған абзал.
М. Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Райгүл Сайлаубаева суицидтің негізгі себептері мен оның қалай алдын алуға болатыны жайлы BAQ.KZ тілшісіне түсіндіріп берді.
«Мейірімді, қамқорлықты сезініп жүрген бала жаман әрекетке бармайды...»
Бала өмірінің қауіпсіздігі тақырыбы – өте өзекті. Өйткені біз жасөспірімдермен тікелей жұмыс істегендіктен олардың отбасындағы жай-күйі, көңіл-күйі, мектептегі жағдайлары алаңдатып отырады. Себебі біз өзімізді бала өмірінің қауіпсіздігіне тікелей жауапты тұлға ретінді қарастырамыз.
Қазір жасөспірімдердің өмір қауіпсіздігі, өз-өзіне қол жұмсауы әлеуметтік желілерде, жалпы қоғамда үлкен талқыға түсіп жатыр. «Жасөспірімдер мұндай әрекетке не себепті барады?» деген сұрақ көкейімізде туындайтыны түсінікті. Бұл жағдайда себеп-салдар көп болуы мүмкін. Ең алдымен балаға көңіл бөлуден бастауымыз керек. Мысалы, мектеп – жасөспірімдердің, оқушылардың уақытын көп өткізетін орны. Ал мектеп – білім ордасы, ол оқушыларды ынталандыратын мекеме. Сондықтан бұл жерге бала саналы түрде оқуға, білім алуға келеді. Осы ретте біз ата-аналарға тәрбие жұмысымен отбасынан бастау керегін ескерткіміз келеді. Ал мектепке балаларын оқуға, білімін толықтыруға, достарымен араласуға, өздерін еркін сезініп, ой-пікірін айта алатын ортаға жібергендерін ұмытпауы керек, - деді психолог.
Отбасында берілген тәрбие баланың жүріс-тұрысында, тәртібінде көрініс табады.
Қазір жұмысбасты ата-ана, оқу жүктемесін игертуге жанталасып жатқан ұстаздар деп жатамыз. Алайда оқушы нені қалайды – осыны назардан қалдырмағанымыз жөн. Бала қазір ақпарат көп заманда өмір сүріп жатқандықтан оларға әсер етуші факторлар өте көп. Балаға таңдау жасау да көп. Жасөспірім өзін дамытып, тіл игеріп, бос уақытын тиімді пайдалануға тырысамын десе де, өз еркінде. Керісінше, одан алшақтап, тыйым салынған әрекеттермен айналысамын деп таңдау жасауы да өз еркінде. Бірақ бұл жерде балаға үлкендердің дұрыс бағыт-бағдар беруі маңызды. Ата-ана жұмысбастымын деп, баланы назардан тыс қалдырмауы қажет.
Яғни бала мектепке жақсы көңіл-күймен барып, сабағын оқып, білімін толықтырып келгеннен кейін ата-ана баланың қосымша уақытын да тиімді ұйымдастыруы керек. Бос уақыты көп болса, бала өзіне қажет емес дүниелермен де айналысуы мүмкін. Сондықтан ата-ана баласының күн режимін баласы шаршамайтындай етіп реттеп бергені дұрыс.
Ата-ана жұмыстан және баласы мектептен келген соң бәрі бірге жиналып, отбасылық құндылықтар, өздерінің дәстүрлерін талқылайтын сәттерді ұйымдастырып, баланың жай-күйін сұрап, сырласып, құшақтап, балаға көңіл бөлу қажет. Үнемі назарда, мейірімді, қамқорлықты сезініп жүрген бала жаман, келеңсіз оқиғаларға аяқ баспайды деп ойламын. Сол себепті ең алдымен ата-ана баласына көп көңіл аударуы керек.
«Балам, қандай жағдай болса да, сені сол қалпыңда қабылдаймын...»
Мектепте мұғалімдерден бастап мектеп әкімшілігіне дейін балалардың салауатты өмір салтын ұстанып, білім алып, жақсы азамат болып қалыптасуына өз құзыреттеріне сай міндетін атқарады. Осы ретте ұстаз да сабақта отырғанда баланың көңіл-күйіне мән беруі керек. Мысалы, үй тапсырмасын орындамай келді ме, не себепті орындамай келді? Осының себебін білу үшін баланы өзіне жақын тартып, онымен жылы сөйлесу қажет. Осылай әңгімелесіп отырғанда да бала бойындағы өзгерісті байқауға болады. Сондықтан алдында отырған оқушыға тек білім ғана, сол күнгі тақырыпты игертіп қана жібермей, баламен жақын сөйлесіп, жан-жақты жұмыстар жүргізгені абзал.
Өмірден түңіліп, өзіне қол жұмсауға баратын баланы қайдан байқауға болады? Бала күн сайын сабаққа келіп-кетіп жүреді. Бірақ қандай да бір жағдайда не ата-анасы, я болмаса ұстазы, не сынып жетекшісі, не болмаса мектептегі маман баланың шаш қою үлгісі өзгергенін, оның сабақта селқос отырғанын, ешнәрсеге зауқы болмай отырғанын байқап қалуы мүмкін. Мұндай жағдайларға да мән беру керек. Үйде жүргенде де бала дұрыс тамақтанбай, дастархан басына келмей, ата-анасына ашумен жауап қайтарып, әдеттері өзгеруі мүмкін. Мұны байқаған ата-ана дереу дабыл қағуы қажет. «Неге балам бүгін маған бұлай жауап берді?», «Балам неге жаңа киімдерді кимей жүр?», «Неге балам өзіне қарамай жүр?» - осындай ұсақ-түйектердің өзін ата-ана назардан тыс қалдырмауы керек, - дейді Райгүл Сайлаубаева.
Ата-ана баласының әрекетіне, ісіне көңілі толмай тұрса, бірден ұрысып, жазалау әдістерін қолдана салмай, керісінше ынталандырып, мейірімге бөлеп, өзіне жақын тартып, себебін анықтауға тырысу керек деп ойлаймын.
Әлеуметтік желіден келіп жатқан ақпараттар көп болғандықтан міндетті түрде баланың ұялы телефонын бақылауға алу керек. Бақылайтын арнайы қосымшаларды енгізіп не болмаса әлеуметтік желілерде кіммен сөйлесіп жүргенін баладан сұрау керек, бақылау керек. Ата-анасынан ештеңені жасырмайтын бала ақпаратын жасырмай бөліседі. Ал егер бас тартып, интернетте кіммен сөйлесіп жүргенін ата-анасы білгенін қаламаса, онда баланы зерттеуге алу керек. Міне, осылайша алғашқы қадамдарын анықтап алуға болады.
Ата-ана баласына «мен сенің шынайы досыңмын, ең бірінші қолдаушыңмын, сен қандай болсаң да, барлық кемшілігіңмен, барлық болмысыңмен қабылдайтын жақын адамыңмын. Менен ештеңені жасырма. Балам, қандай жағдай болса да, сені сол қалпыңда қабылдаймын. Сені өзім дүниеге әкелдім, өзім жауапкершілікпен қараймын» деп ниетін білдіруі керек. Мұндай сөздерді айтқан ата-анаға ешбір бала қарсы болмайды деп ойлаймын. Ата-ана баланы, бала ата-ананы таңдап алмайды. Сондықтан осы өмірде бір-біріне байланысы бар адамдар бір-бірін сөкпей, жазаламай, сол қалпында қабылдай білсе, осындай проблемалар туындамас еді...
Суицидтің белгілері
Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсау туралы ойлап жүргенін мынадай әрекеттерден байқауға болады.
Баланың бұрынғы көңіл-күйіне қарағанда қазіргі көңіл-күйінің түсіп жүруі, шамадан тыс көп ұйықтауы немесе ұйқысыздығы не болмаса түні бойы ұйықтамай жатуы, дұрыс тамақтанбауы, киім-киісіне, жүріс-тұрысына, шаш қою үлгісіне, гигиенаға мән бермей, ештеңеге көңіл-қошы болмауы – суицидтің белгілері. Сонымен қатар ашылып сөйлеспей, тұйықталып қалуы, тамадан тыс ашушаң болып кеткенін, дұрыс жауап қатпай, жүре сөйлеуі, бөлмелерді қараңғылап жауып алып, өзін оқшаулауы сияқты әрекеттің бәріне ата-ана мән бергені дұрыс. Осының барлығы көңіл аударарлық жағдай, - деп түсіндірді психолог.
Сондай-ақ психолог суицидке баратын балалардың аузынан қандай сөздер шығуы мүмкін екенін айтты.
Жаны жабырқап жүрген жасөспірімдер көбіне «мен ешкімге керек емеспін», «мен жалғыз болғым келеді», «ертең мен кеткенде көресіңдер» деген сөздерді айта бастаса, бұл да көңіл аударарлық жағдай болуы мүмкін.
Егер мектептегі қызметкерлер, еден жуушылар бір баланың дәретханаға қайта-қайта жылап кіре бергенін байқап қалса, мектеп психологына келіп айтуы керек.
Суицидтің себеп-салдары
Жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауының себеп-салдары әртүрлі болуы мүмкін. Оны дөп басып айту қиын. Бірақ қандай жағдайда бала осы әрекетке барады? Өзіне көңіл бөлінбегенде, назардан тыс қалып қалған кезде, өзін керексіз сезінгенде, «бұл өмірде мені жақсы көретін адам жоқ», «мені ешкім қолдамайды», «маған ешкім сенбейді», «мен ешкімге керексізбін» деген ойлар туындаған кезде осы әрекеттерге баруы мүмкін.
Жасөспірімдер арасында насихатталып жатқан әртүрлі ойындар бар. Осы ойындардың ырқына еніп кетіп, оның шырмалаңынан шыға алмай, орындауға міндетті әрекеттерді орындамаса, жолы болмайтын қалатынын сезініп, оны жасаса ғана жетістікке жетемін деп ойлауы мүмкін. Бірақ ойынның ырығында жүріп, ар жағында бала өз өмірінің қыршыңнан қиылып кететінін білмеуі мүмкін. Сол себепті бала бір нәрсеге тәуелді болып қалмауы керек.
Ата-аналарға кеңес
Ата-ана алдымен баласымен ашық болуы керек. Үйдегі ең маңызды тұлға бала екенін балаға түсіндіре және сезіндіре білу маңызды. Балаға «жоқ» деп айтуды үйрету қажет. Мысалы, өзіне ұнамай тұрған әрекеттерді жасауға біреу мәжбүрлесе, оған «жоқ» деп қайтаруды үйрету. Бала өзін бір ортада жайсыз сезінсе, көмекті бірінші кімнен алуға болатынын таныстыру. Мысалы, полиция нөмірі, сенім телефондары немесе көмек көрсететін орталықтар.
Балаға болып жатқан оқиғаларды қорқынышпен айтпай, түсіндіріп айту керек. Мысалы, бұл жағдай кез келген адамның басына түсуі мүмкін екенін айтып, оның алдын алу шараларын үйреткен дұрыс.
Ата-ана өзінің жұмысындағы проблемаларын балаға келіп айта беруіне болмайды. Бала оны басқаша қабылдап қалуы мүмкін. Ата-ана үйде жағымды, үйлесімді ахуал орнатуға тырысу керек. Әке мен шеше жұмыстан шаршап келсе де, балаға көңіл бөліп, онымен сырласа білгені дұрыс. Баланың жай-күйін сұрап, еркелетіп, бауырына басқаны дұрыс. Бала үлкен болса да, кіші болса да, барлығына бірдей қамқорлық керек екенін ұмытпау керек. Психологтар ата-аналарға баланы күніне 12 рет құшақтау керегін айтады. Себебі бала өзінің қажет екенін, өзін жақсы көретін адам бар екенін сезінуі керек.
Бала ешнәрсені ата-анасынан жасырмауы керек. Бала барлық әсерін ата-анасына айтып, бөлісе алуы қажет.
Баланы қандай жағдай болмасын ата-ана назарында, бақылауында ұстауы керек.
Құрметті ата-аналар! Қазақ «тәрбие тал бесіктен» дейді. Кезінде ата-бабаларымыз тәрбиенің жас ерекшелігіне байланысты әрекеттерін атап көрсетіп кеткен. Мысалы, баланы 5 жасқа дейін еркелету керек, бұл жастағы баланың негізгі әрекеті - ойын. Осыны балаға түсіндіру керек. Одан кейінгі жастан бастап бала мектепке барып, оқып, еңбек ететін кезеңі басталады. Ал жасөспірімдік кезеңде баламен құрдасыңдай сырлас болу қажет. Ата-ана мен бала арасындағы байланыс осы жасөспірімдік кезеңде болады, - деп айтты мектеп психологы Райгүл Сайлаубаева.