Ертең «Медеу» мұз айдынының 50-ші маусымы ашылады
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Akimat Live бағдарламасының тікелей эфирінде «Медеу» мұз айдынында сырғанау маусымының басталғанын хабарлады.
50-ші мерейтойлық маусымның ашылуы 5 қарашада өтеді. Қаладағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, мұз айдынында бір мезгілде 2 500-ге жуық адам бола алады. Мұз айдынының жобалық сыйымдылығы – 8 600 адам, оның 30%-ы – 2 580 адам.
«Медеуге» кіру тек Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады. Билеттерді тек онлайн режимінде сатып алуға болады.
Биік таулы мұз айдынының қызметкерлері өз қонақтарына бірқатар жағымды жаңалықтар дайындады. Мысалы, жаппай және мәнерлеп сырғанауды ұнататындар мұздағы өз шеберліктерін жаңа жарықпен безендіре алады. Сонымен қатар, жалға беру аймағы өзгерді. Алғаш рет конькиді кепілсіз жалға беру жүйесі енгізілді,-деді Сағынтаев.
Сондай-ақ өткен жылмен салыстырғанда сеанстар мен конькиді жалға алу уақыты 3 сағатқа дейін ұзарған. Демалыс және мереке күндері кешкі сеанс сағат 00.00-ге дейін ұзартылыпты. 7 жасқа дейінгі балалар, көпбалалы отбасылардың балалары, барлық санаттағы мүгедектер мен зейнеткерлер тегін кіру құқығына ие.
Оқушылар мен студенттер үшін билет құны биыл өзгерген жоқ. Мұз айдынына барған кезде жұмыс күндері таңғы сеанстарда балалар үшін билет құны 400 теңге, студенттер үшін – 600 теңге. Демалыс және мереке күндері кешкі сеанстарға кіру билеттері азаматтардың басқа санаттары үшін 2 800 теңге тұрады.
Айта кетерлігі, енді қала тұрғындарына танымал мұз айдынына жету ыңғайлы болады, қала әкімдігінің бастамасымен №12 автобустың бағыты ұзарды, енді соңғы автобус «Медеуден» қалаға сағат 00.30-да шығады.
Бұдан өзге, «Балуан Шолақ спорт сарайы – «Медеу» мұз айдыны бағыты бойынша экспресс автобустың жұмысы қайта жанданған. Бастапқы кезеңде экспресс демалыс және мереке күндері сағат 9.00-ден 19.00-ге дейін жүреді, жол жүру құны – 200 теңге.
Айта кетерлігі, Алматы тұрғындары арасында белсенді өмір салтына деген қызығушылық жылдан-жылға артып келеді. Қала әкімдігі түрлі жастағы адамдар үшін тартымды орынға айналатын көптеген спорт алаңдарын ашады.