Кеше 2026, 16:05 Фото: depositphotos.com

Ертең Алматыда сирена іске қосылады: Неге және не істеу керек?

Алматы қаласында 25 ақпанда «Баршаның назарына!» дабылы беріледі.

Ертең, 25 ақпанда сағат 11:00-де Алматыда электр сиреналары, сиреналық-дауыс хабарлау құрылғылары қосылып, теле және радиоканалдар эфирі уақытша тоқтатылып, арнайы хабарлама таратылады, деп хабарлайды BAQ.KZ. 

Оқу-жаттығу аясындағы тексеріс

Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл шара халықты хабарландыру жүйесінің дайындығын тексеру мақсатында көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық аясында өтетін «Көктем-2026» республикалық оқу-жаттығулары аясында ұйымдастырылып отыр.

Оқу-жаттығу барысында «Баршаның назарына!» дабыл сигналы беріліп, сиреналар қосылады. Сондай-ақ тексеру хабарламасын тарату үшін теле және радиоканалдарды уақытша тоқтату жүйесі іске қосылады.

Дабыл естілсе не істеу керек?

Сигналды естіген жағдайда:

– теледидарды немесе радиоқабылдағышты қосу;
– ресми интернет-ресурстар мен мобильді қосымшаларды тексеру;
– берілетін ақпаратпен және әрі қарайғы нұсқаулықтармен мұқият танысу қажет.

ТЖД өкілдері «Көктем-2026» оқу-жаттығулары 25-26 ақпан күндері өтетінін хабарлады. Іс-шаралар аясында қаланың әртүрлі ауданында өзен арналары мен арық жүйелерін тазалау бойынша алдын алу жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі уақытта ықтимал су тасқыны жағдайы бақылауда екені атап өтілді.