Жәрмеңкеге ерте жетуге тырысамын – қала тұрғыны

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада өткен кезекті жәрмеңкеге Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстары 750 тоннаға жуық өнім әкелді.






Осымен төртінші апта астана тұрғындары демалыс болса, Хан-Шатыр жаққа қарай ағылады. 



Нарық бағасынан төмен өнімдерді сатып алғысы келетін қала жұртшылығы аз емес. 



Бүгін де адам қарасы мол.



Жәрмеңкеге сенбі сайын келемін. Ертерек жетуге тырысамын. Алғашқы жәрмеңкеде жексенбі күні келіп, өнімдердің көбі сатылып кеткен еді. Сөйтіп сан соғып қалғаным бар. Мұндағы баға базардағыдан арзан. Мысалы, жаңа осы жерден қызанақтың келісін 150 теңгеге, сиыр етін 1700 теңгеден сатып алдым. Сауда орындарында мұндай баға жоқ, - дейді Рахила Нұрбаева есімді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.



Бүгін қала тұрғындарына Шығыс Қазақстан және Ақмола облыстарының 65 түрлі жоғары сапалы өнім ұсынылды.



Бір ғана Ақмола облысы 50 түрлі ауылшаруашылық өнімін жеткізген.




 Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, саудаға 435 тонна өнім шығарылды. 



Оның басым бөлігін ет және шұжық өнімдері (45 тонна) және картоп құрайды (143,2 тонна). 




Сондай-ақ, өңірдің балық шаруашылықтарынан 4,3 тонна балық, 35 тонна сүт өнімдері мен 40 тоннадан астам ұн әкелінді.



Жәрмеңкеге туған жерінің дәмін аңсап келген қала тұрғындары да бар екен.



Ақмола облысының Жарқайың ауданында туып-өстім. Туған жерге жиі барудың сәті түспейді. Бірақ осы жолы өңірден өнімдер келеді дегенді естіп, жәрмеңкеге арнайы атбасын бұрдым. Біздің жақтың жылқы еті ерекше ғой, содан алдым. Бағасы да көңілімен шықты. Қазы мен жаяның килограммы 2300 теңгеден сатылып жатыр, - дейді Рұсқұл Әйтімов.




Ал Шығыс Қазақстан облысының бренд өнімі – балдың жәрмеңкеге түр-түрі әкелініпті. 


Елде өндірілетін балдың 70 пайызы осы өңірге тиесілі. 

Осы жол облыстың ең үздік омарта шаруашылықтары елордалықтарға арнап 45 тонна бал жеткізген.


36 жылдан бері бал өндірумен кәсіби түрде айналысамын. Өзіміздің омарта шаруашылығымыз бар. Балдың 6 түрін өндіреміз. Оның әр түрлі болуы гүлдерге байланысты. Ең бағалы бал ерте көктемде гүлдейтін гүлдерге қонған аралардың өнімі. Оны гүлді бал немесе «майский» деп деп атайды. Оның дәмі мен гүлдің хош иісінен білуге болады. Түсі де ашық, күнбағыс майымен түстес. Гүлді балдың дәмі емес, құрамы бағалы. Оның пайдалы қасиеті туралы көп айтуға болады. Ал ең негізгісі ол қан тамырлары жұмысы мен иммунитетті көтеру үшін таптырмас дүние. Ал жаздың ортасында араларды егістіктерге жібереміз. Қарақұмық балы сол кезде алынады. Балдың ең танымал түрлері осы. Алайда жұрт көп біле бермейтін түрлері жетердік, солардың бірі – малочай. Оның түсі қоңырға жақын болады. Құрамында йод пен темір көп, - дейді «Харченко» омарта шаруашылығының басшысы Вячеслав Харченко.


Балдан бөлек, Шығыс Қазақстан облысы жәрмеңкеге 15 түрлі ауылшаруашылық тауарын алып келген.





Олардың қатарында 150 тонна картоп, 40 тонна жылқы еті, 15 тонна сүт өнімдері, 10 тонна өсімдік майы, 8 тонна қымыз және ұлттық өнімдер, 5 тонна балық, 2,5 тонна шұжық өнімдері,1,5 тонна жарма және 20 басқа өнімдер бар.





Айта кетейік, пандемияға байланысты жәрмеңкеге санитарлық талаптарды қатаң сақтау міндеттелген. 



Әр сатушы өнімдерін жеке қорғаныс құралдарын киіп саудалайды. Тұрғындардан да бетпердесіз жүрмеу талап етіледі. 


Мұндағы тәртіпті қалалық қоғамдық тәртіпті сақтау қызметкерлері қадағалауда.








Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы