Ерте көктемгі көкөністер экспортқа шығарылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жетісайлық диқандар қырықабат өнімінің алғашқы 50 тоннасын Ресейдің Воронеж, Санкт-Петербург, Уфа қалаларына жөнелтті, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Қазіргі сәтке 159 мың га егістік алқапқа жаздық дақылдар егілген. Өңірде барлық жер жырту жұмыстары толығымен орындалған. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге алдын ала арзан бағамен жанармай бөлінген. Минералды тыңайтқыштар да жеткілікті. Айта кетерлігі, "Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу" жобасы биыл да барынша жүзеге асырылады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл жобаның арқасында 2 - 2,5 есеге артық өнім алуға болады. Қазірдің өзінде 1273 шаруа қожалық бірінші ерте пісетін көкөніс дақылдарының өнімін жинауға кіріскен, - делінген ақпаратта.
Сонымен қатар, диқандар жылыжайларға қияр, қызанақ дақылдарын егіп, жемісін көруде. Ал, ерте пісетін қырыққабаттан сәуір-мамыр айларында 300 мың тоннаға жуық өнім жинау жоспарланып отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қырыққабат өнімінің экспортына қойылған шектеу алынып тасталды. Соның арқасында еліміздің өзге өңірлеріне 50 мың тонна және Ресей Федерациясына 250 мың тонна өнім сату жоспарланып отыр. Мәселен, бүгінде Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Қарағанды облыстарына оңтүстіктен қырыққабат, қызанақ, қияр өнімдері жөнелтілді.
Сондай-ақ, қабылданған карантиндік шараларға байланысты тез бұзылатын өнімді пост бекеттерден кедергісіз тасымалдау мақсатында "#BizBirgemiz Түркістан облысы азық-түлік өнімдері" атты логотип ұйымдастырылып, әрбір жүк көліктеріне фитосанитарлық және карантиндік сертификаттармен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл арнайы логотипі бар көліктердің пост бекеттерде кедергісіз өтуіне мүмкіндік береді.