Ернұр Бурахан: Қазақ радиосының «Алтын қорында» 30-40 сағаттық дастандар сақталған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыдан ғасыр бұрын қазақтың бүгінде елге белгілі бірқатар ақпарат құралы іргетасын қалады. «Егемен Қазақстан» газеті, «ҚазАқпарат» ХАА, қатарлы әйгілі жаңалық жаршыларының іргетасы қаланды.

Соның бірі – Қазақ радиосы. Ұлттың үнжариясына айналған радио 1921 жылы 1 қазанда алғаш хабар таратты. Бүгінде «Қазақ радиосы» радиоарнасының қатары «Шалқар», «Астана», «Classic» радиоларымен толықты. «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС-не біріккен төрт радионың шарапатын шыр айналдырып отырған Бас директоры, белгілі медиа менеджер Ернұр Бураханмен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

- Алдағы жылы құрылғанына 100 жыл болатын Қазақ радиосы жайлы тыңдаушылар жақсы біледі. Қай уақытта қандай хабар, қандай бағдарлама жүрілетінін жатқа біледі десек те болады. Дегенмен, радио тарихы жайлы толығырақ айтсақ айып болмайтын секілді. Радио тарихына қысқаша шолу жасай кетсеңіз.

- Ұзақ жылдардан бері қалтқысыз қызметімен ел ақпаратының ақ мылтығына, бастау бұлағына айналған қарашаңырақ - Қазақ радиосының эфирге шыққанына 2021 жылдың 1 қазанында 100 жыл толады.

Дәл осы күні алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Қазақ радиосы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбордан хабар таратты. Одан кейінгі ел астанасы болған Қызылордаға ауысып, көп ұзамай Алматы қаласына, ал 2012 жылы Нұр-Сұлтан қаласына қоныстанды. Содан бері Қазақ радиосы ұлтымыздың үнжариясына айналды. Әр жылдары Әміре Қашаубаев, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Әнуарбек Байжанбаев, Шәмші Қалдаяқов, Мұқағали Мақатаев, Ермек Серкебаев сынды біртуар тұлғаларымыз радиода қызмет етті.

Радионың «Алтын қорында» еліміздің танымал таланттарының дауыстары сақталған. Бүгінде елдікке, ерлікке және отанды сүюге үндейтін алтын дауыстар өскелең ұрпаққа өнеге ретінде тыңдарманға ұсынылып келеді. Хакім Абайдың қара сөздері, академик жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», «Халық қаһарманы», жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», Елбасы - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы дала Ұлағаттары», «Ой бөлістім халқыммен», «Жылдар мен ойлар», «Қазақстан жолы», Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әке туралы ой», Елбасы жайындағы «Он делает историю» кітаптарының аудионұсқасы радио эфирінен беріліп келеді.

- Ернұр Көшерханұлы, өзіңіз білесіз, 1 қазан Қазақ радиосының құрылған күні. Осыған орай жақында ғана 99 жылдығын атап өттіңіздер. Бірқатар жаңа бастама жасап, ардагер журналистерді эфирге шығардыңыздар. Осы жайлы толығырақ айтсаңыз?

- Кешеден бізге жетіп, бүгін біз болашаққа жалғастырып жатқан, ел игілігі үшін атқарылған маңызды істердің бастауында Алаш қайраткерлерінің тұрғанын естен шығармауымыз керек. Сол бабаларымыздың еңбегімен осыдан 99 жыл бұрын Орынбор қаласында Қазақ радиосы алғаш эфирін бастаған еді. Осыған орай және 1 қазан Халықаралық қарттар күнін ескере отырып, радио ардагерлеріне эфир жүргізуді ұсындық. Бұл бастамамызды ардагер аға-апаларымыз қуана келісіп, құптай жөнелді.

Алдымен Қайрат Мұсақұл мен Көпен Әмірбек ағамыз «Қайырлы таң, Қазақ елінің» тізгінін қолға алып, ізбасарлары Мұхтар, Санат, Сымбаттармен әзілдесіп, сырласып эфирді қызықты өткізді. Барқыт дауысты Бүркіт Бекмағамбет ағамыз жүргізген таңғы жаңалықтар өте әсерлі болды. Бала кездегі құлаққа сіңген қоңыр үн санамызда қайта жаңғырды. Одан соң Аманжан Еңсебайұлы мен Әбдірәлі Бөлебай қатарлы ағаларымыздың жаңалықты тізгіндеуі де әдемі үйлесім тапты.

Күләш Молдахметова балалар интерактиві «Тапқыр бала» радио ойынын, Құсман Игісінов «Түркі әлемі» бағдарламасын жүргізді. Нұржан Мұхамеджанова «Армандастар» көңілашар сағатын тізгіндесе, Ұлжан Пармашқызы апамыз «Достық» хабарын дайындады. Ал әлі де Қазақ радиосында қызмет атқаратын Қымбат Досжан «Ақтілекте» тыңдаушылардан келген хаттар легімен бөлісіп, туған күн иелерін құттықтады. Ардагер журналис Руслана Құдайбергенова «Ел ағалары», Мақат Садық «Түскі шай» хабарын жұрт назарына ұсынды.

Балаларды «Айгөлегімен» әлдилеп жүрген Қымбат Әбілдақызы «Біз жанбасақ», Еркін Байғабылұлы «Радиомедицина» бағдарламасын жүргізді. «Қазақ радиосының сандуғашы» атанған Сауық Жақанова «Жырлайды жүрек» поэзия сағатында байырғы дикторымыз, ақиық ақын М. Мақатевтың өлеңдерін оқып, алтын дауысымен бағдарламаның шырайын кіргізді.

Қазақ радиосына 99 жыл толған дүбірлі мереке күні Алматы студиясында ардагер дикторлардың Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының мұражай үйіне барып, бюстіне тағзым етуінен басталды. Қазақ руханиятының қарашаңырағында қайта бас қосқан ақтаңгер ардагерлер дауысы құлақ құрышыңды қандыратын, атақты радиожүргізуші, Қазақстанның халық әртісі, дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаевтың басына барып, құран бағыштады.

Ардагерлеріміз жүргізген эфирлерден байқағанымыз, кезінде әуе толқында қалықтаған аға-апаларымыздың қоңыр даусы әліді қаз-қалпында екен. Микрофонға жақындай сала жүздері жадырап сала берді. Күнде эфир жүргізіп жүргендей әрқайсы өзіне берілген бағдарламаларды еш қиындықсыз жүргізіп шықты.

Осылайша бала күнімізден үндері құлағымызға сіңген аға-апаларымыз бір күндік жүкті өз мойындарына алып әрі мерейтойлық шараларды бастап берді.

«Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер» дегендей, бүгінгі ардагерлерді ұлықтау, олардың жастарға көрсетер өнегесі мерейтойдың басындағы әдемі үйлесім болды.

Қазақ радиосын айтулы датасымен құттықтаған «Qazaqstan» телеарнасындағы «Таңшолпан» бағдарламасының тікелей эфирінде көрермендер ғасырлық тарихы бар радионың ел біле бермейтін қызықты тұстары, тыныс-тіршілігі мен қазақ мәдениетінің түпнұсқалары сақталған «Алтын қордың» жұмысымен кеңірек танысты. «Таңшолпан» арқылы қалың көрермен бұрын тек тыңдайтын Қазақ радиосының студиясына бейне саяхат жасады.

Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, ардагер әріптесіміз Алтын Иманбаева әлеуметтік желі арқылы «Радио шежіре» деген атпен Қазақ радиосының тарихын, шежіресін, әр жылдары радиода қызмет еткен кісілер туралы жан-жақты насихаттап отырғанын баса айтуымыз керек. Сондай-ақ, алдағы уақытта Қазақ радиосынан «Радио-дәурен» деген атпен ардагерлер туралы арнайы хабар ашуды жоспарлап отырмыз.

- 100 жылдыққа ардагерлердің ақ батасымен дайындықты бастап кеткеніңізді айттыңыз. Басқа қандай жоба-жоспарлар бар?

- 100 жылдыққа орай медиажоба жасалып, негізгі атқарылар жұмыстардың бағыт-бағдарлары айқындалды. Радиоға басшылыққа келген кезімде Алматы қаласындағы ардагерлердің басын қосып, арнайы жүздескен едім. Қызметті сол кісілердің кеңесін, бағыт-бағдарын тыңдап, мерейтойға қатысты ойларын сұрап, батасын алудан бастадым. Ардагерлеріміздің бірқатары әлі де қарашаңырақта қызмет етеді. Әбдірәлі Бөлебай, Сауық Жақанова, Аманжан Еңсебайұлы, Қошан Мұстафаұлының үнін әлі де радиоларымыздан тыңдай аласыздар.

Қазір Қазақ радиосының 100 жылдығын атап өту бойынша мерекелік іс-шараларды өткізудің басты жоспары бойынша жұмыстар басталды.

Атап айтқанда, еліміздің маңдай алды жоғарғы оқу орындарында «Қазақ радиосы» аудиторияларын ашу, үнжарияның «Алтын қорынан» сирек қолданылатын таспа хабарлар мен әндер жинағын шығару, «Алтын қорда» сақталған ноталық қолжазба партитураларын Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне тапсыру, Алматы қаласындағы Радио ғимаратында Ахмет Байтұрсынұлының ескерткіш тақтасы мен «Қазақ радиосы» мұражайын ашу, Нұр-Сұлтан, Алматы және Қызылорда қалаларындағы көшелердің біріне «Қазақ радиосы» атауын бергізу, дикторлар арасында Әнуарбек Байжанбаев атындағы республикалық байқау өткізу. «Арық айтып, семіз шық» дегендей, тағы басқа шараларымызға 100 жылдық қарсаңында куә боласыздар.

- Қазақ радиосының 100 жылдығы қарсаңында қолға алған істеріңіз жемісті болсын дейміз! Радио газет-журнал не сайт емес, адамның дауысы беріледі. Мұндайда биылғыдай қиын-қыстау жағдайда қалай жұмыс істедіңіздер?

- Иә, карантин уақытында радиоларымыз жаңаша жұмыс істеу тәсіліне көшті. Еліміздегі барлық медиаұжымдар секілді қашықтан эфирге шығуды сынақтан өткізіп, осы тұрғыда жұмыс істеуге болатындығына көз жеткіздік.

Жаңалықтар қызметі қашықтан хабар таратып, барлық хабар телефон және интернет арқылы эфирге шығып отырды. Еліміздің тарихында тұңғыш рет мектеп оқушыларының өткен оқу жылының төртінші тоқсанында онлайн сабақ жүргізу бойынша Қазақ радиосы мен «Classic» радиосы телеарналар мен интернет қамти алмайтын аумақтарға дейін хабар таратып, онлайн сабақ жүргізді. Үкіметтің дағдарысқа қарсы шараларын насихаттап, індетке қарсы ақпараттық науқандар ұйымдастырып, дәрігерлер мен арнайы вирусолог мамандардың түсіндіру жұмыстарын радио эфирлерінен беріп жатырмыз.

Сондай-ақ, ақ халатты абзал жандарымызды қолдау мақсатында Қазақ радиосының «Алтын қорындағы» дәрігерлерге қатысты әндерді жиі эфирге беріп, сол әндерге бейне роликтер жасап, әлеуметтік желілерге таратылды.

Пандемия кезінде радиоарналар жұмыскерлеріне қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Қазақ радиосы мен Classic радиосы «Онлайн сабақтың» аудионұсқасын таратты.

Сонымен қатар, «Онлайн айтыс» ұйымдастырылып, елге танымал айтыскерлер қашықтан эфирге шықты. Қазақ радиосы Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп «Онлайн концертті» тікелей эфирден таратты.

Интернет кеңістігінде «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫНЫҢ» www.qazradio.fm ресми сайты бар. Тыңдаушылар өзіне ұнаған хабарды және әнді жүктеп алатын «аудио подкаст» бөлімі іске қосылды.

- Медиасалада соңғы жылдары дәстүрге айналған «жаңа маусым» ұғымы бар. Бұл ұжымға тың серпін, жақсы қолдау болса, тыңдаушы мен көрерменге, оқырмандарға тың дерек, соны ақпарат берудің жақсы тәсілі. Сіздер де жақында жаңа маусымдарыңызды аштыңыздар. Тыңдаушыларыңызды қандай жақсы жаңалықпен қуанттыңыздар?

- Иә, жобаларымызды іріктеп, контентімізді сүзгіден өткізіп, «Жаңа маусым» деп сүйіншілегенімізге де екі айға жуық уақыт болыпты. «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС жыл басынан өзіне қарасты «Қазақ радиосы», «Шалқар», «Астана» радиоарналарының және «Classic» радиосының контент мәселесі бойынша бірқатар жұмыстарды атқарды. Радиолардың форматына сай имидждік роликтері, хабарлардың роликтері, жаңалықтар роликтері бір ізге түсіріліп, жүйеленіп, жаңадан жасалды. Уақыт талабына орай ескірген хабарлардың орнына жаңа хабарлар эфирге дайындалды. Жаңа маусымды биылғы жылдың 22 наурызынан бастағалы отырғанда індетке байланысты жарияланған карантинге орай аталған жоспар кейінге шегерілді. Енді міне, «Игіліктің ерте-кеші жоқ» дегендей, 1 қыркүйектен бастап тыңдаушыларымызға жаңа жобаларымызды ұсындық.


«Қазақ радиосы» өнімдерінің дені Елордадан шықса, «Шалқар» хабарларының басым бөлігі қыркүйектен бастап Алматы студиясынан тарап келеді. Ішкі редакциялық өзгерістер болмаса, екі қалада да жұмыскерлер бұрынғыша өз жұмысын жалғастырып жатыр.

Елорда және Алматы студиясындағы бағдарламалар мен жүргізушілік құрамға да өзгеріс енді. «Қазақ радиосы» радиоарнасы бұған дейін әлеуметтік, қоғамдық және балаларға арналған, ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын хабарлар ұсынып келді. Биылғы маусымда заман талабына сай интерактивті, психологиялық, құқықтық және қаржылық, медициналық, аграрлық сауаттылықты арттыратын хабарлар ашып, имидждік роликтерін толық өзгертті.

Қазіргі таңда радиоарна хабарларының жанры бойынша 70% ақпараттық, 30% музыкалық бағдарламалар.

«Қазақ радиосы» радиоарнасының эфиріне жол тартқан жаңа хабарлардың ішінде тыңдарман тәжірибелі заңгерлерден кеңес алатын «Халық үні» және «Территория права» хабары бар. «Жан әлемі» хабарында тыңдаушы көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, қажетті кеңестер ұсынылады.

Сондай-ақ, коронавирус індетінің алдын алу мақсатында қазақстандық дәрігерлер мен шетелдік мамандардың пікірін қамтитын «Радио медицина» хабары бар. Үнжарияның ғасырлық мерейтойы қарсаңында ел құлағына сіңген, қазақтың қуанышы болған, Сәбит Мұқановтың сөзіне жазылған Латиф Хамидидің «Қазақ вальсі» әні Қазақ радиосының басты әуеніне (джингл) айналды. Белгілі композитор Қуат Шілдебаев пен Халық Ризабек Қазақ радиосы хабарларын жанрға сай арнайы музыкамен әрледі.

Ерекше айтарлығы, «Шалқар» радиоарнасы ұлттық арна атына сай 1 қыркүйек – жаңа маусымнан бастап тек қана қазақтың ұлттық музыкасы мен төл өнерін, ұлттық мәдениеті мен әдебиетін, бабалар мұрасы – қазақтың әні мен күйін, сағындырған ретро музыкасын, өткенімізден сыр шертетін «Алтын қордағы» асыл қазыналарын насихаттауға түбегейлі бет бұрды. Ал арнайы эстрадалық музыкаға арналған бағдарламаларда ғана өңделген халық әндері мен қазақы сипаттағы эстрадалық әндер беріле бастады. Радио форматына сай имидждік роликтері, «төсеніш» музыка (подложка) т.б. ұлттық бағытта жаңаланды.

«Қазақ радиосы» мен «Шалқар» радиоарнасы ашылған уақыттан бері құрамына елімізге танымал мәдениет қайраткелері кіретін «Көркемдік кеңес» арқылы әндердің мәтіні мен әуенін қатар талдап, эфирден ұсынып келеді.

Біздегі «Астана» радиосы – елорданың тыныс-тіршілігін насихаттайтын жастар радио арнасы. Жаңа маусымда Санди Сұлтан мен Жанна Рахат жүргізетін «Кеңестер үйі» авторлық хабары эфирге жол тартты. Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарға кеңесу алаңы ретінде ашылған хабар алғашқы эфирден бастап, тыңдарман қызығушылығын туғызды.

Ал «Classic» радиосының жаңа маусымында музыка өнерінің жаңа қырын ашатын, қазақстандық академиялық өнерді және отандық орындаушыларды насихаттайтын, әлемдік джаз музыканттарының өмірбаянын, альбомдарын және автор - музыканттардың естеліктері жайлы хабарлар тыңдаушыға жол тартты. Сондай-ақ, «Classic» радиосы мен М. Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бірлескен жобасы «Ақынның қара сөздері» атты хабар эфирден беріле бастады.

Жаңа маусымда https://qazradio.fm сайтының функцияларына өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. (Мына жерден қазақтың ән-күйлерін  https://qazradio.fm/kz/audios тыңдап, жүктеп алуға және мәтінін де жазып алуға мүмкіндік бар). Сондай-ақ, биыл ең қажетті, пайдалы деген хабарларды іріктеп, таратуға ыңғайлап, подкаст жасауды бастадық (https://podcast.qazradio.fm/). Оларды iOS, Android және Windows Phone телефондарына арналған тегін қосымшалар арқылы тыңдасаңыздар болады.

- Қай кезде де адам баласы өткенін аңсағыш келеді. Өзіңіз де Қазақ радиосының «Алтын қоры» жайлы тілге тиек етіп қалдыңыз. Ол өткен дәуірдің «алтын қоры». Ал бүгінгі «Алтын қордың» жайы қалай? Радиодан берілген хабардың барлығы «Алтын қорға» алына ма, әлде «Алтын қорға» сақталатын бағдарламаға арнайы талап бар ма?

- Дұрыс айтасыз, радио эфирінен берілген кез келген дүние «Алтын қорға» қабылдана бермейді. 

Радио қорына 1948 жылдан бері ең маңызды деген дүниелер сақталып келеді. Әсіресе 50-ші жылдары «Алтын қордың» нағыз өткен-кеткенді жинап, жан-жақтан тапқан-таянған дүниені салып, қорды толықтырған уақыты болды. Қазақ компазиторларының көбісі Қазақ радиосының музыкалық редакциясында жұмыс істеп, алғашқы әндерін осы радионың студиясында жазып, бірден «Алтын қорға» өткізіп отырған. Күні бүгінге дейін Қазақстанда дәл Қазақ радиосы секілді қор сақтайтын фонотекасы бар радио жоқ.

Қазақ радиосы еліміздегі өзінің 100 жылға жуық тарихында «Алтын қорға» құнды деген 100 мыңнан астам шығарманы жинап, сақтай алған бірден-бір мекеме. Ең ұзақ таспа 4,5 сағат болса, ең қысқасы 3 минуттық әндер. 2003 жылдан бастап оның 92% цифрландырылды. Мерейтойға дейін толық аяқтауға күш салып жатырмыз. Қазір Алматыдағы студияда 9 маман толығымен сол жазбаларды қайта көшіру, реставрациялаумен айналысып отыр. Сондықтан ешқандай пленканың бүлінбей, қор мұрасының шашауы шықпай сақталғанын айта аламыз. Тіпті, мамандар мұндай күтіммен бұл пленкалар тағы бір ғасырға жарайтындығын айтады. 

Қазіргі кезде Қазақ радиосының «Алтын қорына» ән қабылдау әлі де сол баяғы алғашқы кезеңде қалай қабылданды, сол дәстүрді үзбей, осыдан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын қандай талаппен сақталса, қазір де тура сол талаппен сақталып келеді. Компазиторлардан, ақындардан, әншілерден құрылған арнайы көркемдік кеңес арқылы сараланып, талданып, солардың шешімімен қабылданады.

Бұл жерде әнге қойылатын басты талап – сөзді қойып, әннің музыкасының өзі қазақы нақышта болуы керек. Ән сазы ешкімнен ұрланбаған, біреуден көшіріп алмаған, ұлттық колоридті сақтаған болуы керек. Қазақ радиосы мен Шалқар радиосының эфирінен берілетін ән міндетті түрде «Алтын қорға» өткізіліп, арнайы номер беріледі. Ал көркемдік кеңестің шешімімен «алтын қорға» өтпеген, номер алмаған ән эфирден берілмейді.

Ал «Алтын қорға» сақталатын бағдарламаларға келер болсақ, мұндада журналистердің, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен құрылған арнайы көркемдік кеңес бар. Солардың сүзгісінен өткен хабарлар ғана «Алтын қорға» жіберіледі. 

Таспадан тек көшіріп қоймай, бірден бүлінгендері болса өңдеп, тігісін жатқызып, эфирге ұсынатындай қалыпқа келтіріп жатырмыз. Бір парасы «Алтын қордағы тұлғалар дауысы», «Алтын қордан ән тыңдайық», «Алтын қордан күй тыңдайық», «Бізге қымбат дауыстар» сынды арнайы айдарлармен аптасына, тіпті күніне бірнеше рет эфирден өтеді. «Ретро» айдарында күн сайын «Алтын қордағы» еш жерде жоқ, түпнұсқа (оригинал) жазбалар берілетінін де еске сала кетейін. 

Оның сыртында, мысалы әйгілі адамдардың туған күндері, немесе сол адамға қатысты тарихи даталы күндері «Алтын қорда» сақталған дауыстарын, сол кісілер туралы бұрынғы хабарларды қайтадан эфирге беру мәселесі де жақсы шешімін тапқан. 

«Алтын қордың» тағы бір ерекшелігі – халқымыздың фольклоры өте жақсы сақталған. Бесік жырынан бастап жоқтауға дейін қорда тұр. «Бесік жырының» қаншама нұсқасы, «Жоқтаудың» қаншама түрі, тіпті «Жоқтау әндерінің» бірнеше түрі сақталған. Бұл сала бойынша «Алтын қор» аса бағалы қазынаны сақтап отырғанын айтқым келеді. Одан бөлек, қаншама батырлар жыры мен дастандар «Алтын қордың» сандығын толтырып тұр. Мысалы 30-40 сағат бойы жырланған дастандар біздің қорда сақтаулы. 

- Радиолардың, әсіресе қазақ тілді радиолардың шалғай жатқан, шекаралық аумақтағы елді мекендерге таралуы жайлы әңгіме көп айтылады. Қазақ радиоларының елімізге таралу мүмкіндігі туралы айта кетсеңіз?

- Қазіргі уақытта Қазақ радиосы тәулік бойы, ал «Шалқар» радиоарнасы 18 сағат бойы екі шаһар – Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан хабар таратуда. 

2018 жылы - 12, 2019 жылы - 5 радиотаратқыш шалғай елді-мекендерге орнатылды. 2022-2025 жылғы жоспарға сай «Қазақ радиосы» (қазір - 89%), «Шалқар» (қазір - 64%) радиоарналарының республикада таралу деңгейін 95%-ға жеткізуді көздеп отырмыз. Шекаралық аймақтардағы сигналдарды күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл ретте Қазақ радиосы кешені - Орта Азиядағы ірі радиоарналардың бірі екенін де айтқан жөн.

Жүзжылдық қарсаңында студияларымызды жаңартып, Алматыдағы студияға жөндеу жұмыстарын жасап, бейнеэфирге арналған камералар орнаттық. Ғасырлық тарихын баяндайтын мұражайды осы Алматы студиясынан ашқалы отырмыз. Келер жылы «Қазақ радиосы» радиоарнасы ғасыр жасаса, «Шалқар» радиоарнасы 55 жыл, «Классик» радиосына 10 жыл толады. Мерейтойлы маусымда да айтар жаңалығымызбен ұсынар жобаларымыз мол болмақ.

Алматыдағы студияның материалдық базасы жаңартылып, үш бірдей студия заманауи эфирлік пультпен жабдықталды. Бұл құрылғының цифрлық сигнал жіберуге мүмкіндігі жоғары. Желтоқсан 175-тегі радио үйінен еліміздің түкпір-түкпіріне тікелей эфирде хабар тарату мүмкіндігіне толықтай қол жеткіздік. Заман талабына сай студияға әлеуметтік желіге бейнеэфир арқылы таралатын хабарлар үшін бейнекамера орнатылды. «Қазақстан» республикалық телеарадиокешені» АҚ басшылығының қолдауымен радио үйі жөндеуден өтті. Радио үйінің алдындағы автобус аялдамасы «Қазақ радиосы» деп аталды.  

Осы жылдың ақпан айынан бастап Алматы студиясы жұмыскерлерінің жалақысы 30% көтерілді. Биыл жалпы Серіктестік жұмыскерлерінің минималды еңбекақысы 17%-ға өсті.

Ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді насихаттап, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, мемлекеттік тілдің дамуы мен дәстүр сабақтастығын сақтауға үлес қосып отырған «ҚАЗАҚ РАДИОЛАРЫ» ЖШС бүгінгі қызметі осындай.

- Әңгімеңізге рахмет!



Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы