Ернұр Әйткенов: Үйлесімді және нәтижелі жұмыс атқарылуы қажет

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2024 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен алдағы міндеттер айқындалды, деп жазды сенатор Ернұр Әйткенов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ауыл шаруашылығы саласы экономиканың жетекші секторларының бірі ретінде жоғары өсім көрсетті. Өткен жылы бұл сектордағы өсім 13,7%-ды құрап, соңғы онжылдықтағы ең жоғары көрсеткішке жетті. Астық өндірісі 26 млн тоннадан асып, оның 4 млн тоннасы экспортқа жөнелтілді. Бұл көрсеткіштер мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін растайды, соның ішінде суармалы жерлерді ұлғайту мен су үнемдеу технологияларын енгізудің нәтижесінде өнімділік айтарлықтай артты, - деп жазды ол.

Су ресурстарын тиімді басқару саласында маңызды нәтижелерге қол жеткізілді: 80 су арнасы жаңғыртылып, Арал теңізіне 2,6 млрд м³ су жеткізілді. Осының нәтижесінде ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына негіз қаланды.

Сондай-ақ, құрылыс және инфрақұрылымды дамыту салаларындағы жетістіктер халықтың тұрмыс сапасын арттыруға ықпал етеді. 2024 жылы 19 млн м² тұрғын үй пайдалануға берілді, 397 денсаулық сақтау нысаны және 298 білім беру объектісі салынды. Автожолдар мен теміржол желілерін жаңарту жұмыстары елдің көлік-логистика әлеуетін күшейтуде.

Мемлекет басшысы белгілеген бастамалар елдің экономикалық дамуын жеделдетуге, инвестициялық ахуалды жақсартуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл бастамалар ауыл шаруашылығы саласын жүйелі түрде дамытуға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жоғарыда аталған шараларды іске асыру мемлекеттік басқару тиімділігін арттырып, экономиканың орнықты дамуына жол ашады. Мемлекеттік органдар алға қойылған міндеттерді орындауда үйлесімді және нәтижелі жұмыс атқаруы қажет, - деді Ернұр Әйткенов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы