Ермұрат Бәпи Жолдауды "жаңа саяси кезеңнің бастауы" деп атады
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан» атты Жолдауын қоғам үшін маңызды бетбұрыс ретінде бағалап, бұл құжатта айтылған парламенттік реформа бастамасын кеңінен қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Халыққа арналған депутаттық сауалында Ермұрат Бәпи бұл Жолдаудың ел тағдырына тікелей әсер ететін жаңа саяси кезеңге бастама екенін айтты.
Президент ешқандай қысымсыз, өзінің еркімен болашаққа бағытталған реформалар ұсынды. Бұл – «Жаңа әділетті Қазақстан» құру жолындағы нақты қадам, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, ұсынылып отырған партиялық сайлау жүйесіне біртіндеп көшу – халықаралық тәжірибеге сай шешім. Бұл Қазақстан Парламентін шынайы саяси күшке айналдырып, қоғамның белсенділігін арттыруға жол ашады.
АҚШ пен Еуропа елдерінде бұл жүйе ұзақ жылдар бойы тиімді жұмыс істеп келеді. Біз де бұл жолға түсуге тиіс едік, – деді Ермұрат Бәпи.
Ол реформаларға қатысты түрлі негізсіз сын айтушылардың бар екенін атап өтіп, қоғамның керітартпа көзқарастан арылуы қажет екенін баса айтты.
Қоғамды жаңғырту үшін нақты істер мен салиқалы ұсыныстар керек. Бұл жолда билік пен халық арасындағы байланысты күшейту – біздің міндетіміз, – деді депутат.
Сондай-ақ Ермұрат Бәпи алдағы екі жыл ішінде қоғамдық талқылауға түсетін парламенттік реформаларды азаматтық жауапкершілікпен, мемлекетшіл ұстаныммен қабылдауға шақырды.
Президенттің бастамасы – халық референдумы арқылы қабылданатын шешім. Бұл – шынайы демократияның көрінісі, – деп түйіндеді халық қалаулысы.