Ермек Тұрсынов: Бізде сән-салтанат пен байлыққа деген ұмтылыс тым жоғары

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әр азамат мемлекетке  "өз үйім" деп қарау керек. Сен өзің тұратын үйге ұрлыққа түспейсің ғой. Бүгін елордада өткен баспасөз брифингінде елге танымал режиссер, қоғам қайраткері Ермек Тұрсынов осылай деді. Ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің парақорлықпен күресуде өз жолы бар екенін айтты. 

Ол - сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңадан құрылған республикалық штабтың мүшесі. 
Жақында Алматыда үлкен бір жиын болған. Сол форумда маған сөз бергенде былай дегенмін. Бізде жемқорлықпен биліктің жоғарғы эшелондағы адамдар айналысады. Неге олай? Себебі бізде сән-салтанат пен байлыққа деген ұмтылыс тым жоғары. Мен батыста тұрып көрдім. Шетелде адамдар жеткілікті деген сөзді жақсы біледі. Бізде өз үйімдемін деген сезім атымен жоқ. Біз үшін үй деген ұғым есіктің табалдырығын аттаған кезде бітеді. Оның сыртындағы барлық дүниені мемлекет деп қабылдайды. Мемлекет, ел деген ол жалпы ұғым. Сондықтан да подъезден аса бере қоқыс лақтыруға болады, немқұрайлық танытады. Ортақ дүние. Сұрауы жоқ. Егер әрбір адам мемлекетке "өз үйім" деп қарайтын болса, онда үкіметтік құрылымдар да, қарапайым адамдар да немқұрайлы қарамайды. Ол өз үйіне өзі ұрлыққа түспейтін шығар. Солай емес пе?, - дейді Тұрсынов мырза.
Ермек Тұрсынов сананы өзгертіп, мәдениетті арттыру керектігін айтты. 

Бюджеттен жымқырып алған, қолды болған қаражатты оффшорға шығарып, ақшаңды тықпайсың. Қандайда бір заңсыз жолмен тендерді ұтып алмайсың. Бұл дегеніміз – өз үйінде тұрған диванды алып, сыртқа апарып көміп тастағанмен парапар. Бұл ақымақтық қой. Сол сияқты, меніңше Алик Жатқамбайұлының айтқысы келгені – бұл халықтың санасын өзгерту керек. Мәдениетін арттыру керек. Сонда ғана жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа төтеп бере аламыз, - деп жауап берді Ермек Тұрсынов тілшінің сауалына. 

Ақпараттық штабтың мүшесі Ермек Тұрсынов Қазақстан  сыбайлас жемқорлыққа қарсы өз жолын құратынын айтты. 
Қоғамның адамгершілігі мен мәдениеті артқан сайын, жегідей жеген жемқорлық азаяды. Кейде мәдениеттілікті орнату керек деген пікір бар. Агенттіктің жемқорлықпен күресуде өз жолы бар екені маған ұнайды. Гуманизация жолы. Біз нақты алдын-алатын тиімді шараларды қолданып жатырмыз, - деп өз сөзін түйіндеді танымал режиссер әрі қоғам қайраткері.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы