Ерлікке – тағзым, ұрпаққа – өнеге

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ұлы Жеңістің 74 жылдығы Көкшетауда да сән-салтанатпен атап өтілді. 

Ұлы Жеңіс мерекесіне арналған салтанатты шараны ашқан Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Ұлы Отан соғысындағы жерлестеріміздің майдандағы ерліктері, тылдағы ерен еңбектеріне тоқталды. 


«Сонау 1945 жылдан бері ұлы мейрам – 9 мамыр халқымыздың қайсарлығы, қажыр-қайраты мен ауыз бірлігінің жарқын куәсі блолып табылады. Ұрыс даласында ақмолалықтар да асқан ерлік үлгісін көрсетті. Тылда уақытпен санаспай, өнегелі істерімен Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосқан отандастарымыз соғыстан кейінгі ауыр кезеңде де елімізді қайта қалпына келтіруде аянбай еңбек етті. Сіздердің ерлік істеріңіз бен Отанға шексіз берілгендіктеріңіз жас ұрпақ үшін қашанда үлгі-өнеге болып қала береді», - деді өңір басшысы.

Аталардың ұлы ерлігіне құрмет көрсетіп, тағзым етуге Көкшетаудың Тәуелсіздік алаңына жиналғандар қатары жылдағыдан көбірек болды. Асқақ құрылған сахна төріне көтеріліп, үлкен толғаныс үстінде еппен жайғасып жатқан ардагерлер де сиреп қалған... Есесіне, жиналған тұрғындар қолдарында кеуделерін орден-медаль жапқан ардагерлер портреттері көп. Аты-жөндері жазылған көне суреттерді жанарлары жарқыраған немерелер мен шөберелер жоғарырақ көтере түсуге тырысады. Ол – құрмет, тағзым, мақтаныш!..Жылдан-жылға төрдегі қариялар саны азайып, қолдағы портреттердің көбейе түсерін ойласаң, көңіл құлазып, жүрек сыздайды. 


«Қазақстанда «қара қағаз» алып, қайғы шекпеген шаңырақ жоқ. Бір үйден арыстай-арыстай бірнеше адамның қатар аттанып, бірінің де қайтып оралмағаны қаншама?! Әкесінің, атасының жат жұрттың қай түкпірінде, қай бауырластар бейітінде жерленгенін білмей, әлі күн шарық ұрып іздеу салып, сабылып жүргендер қаншама?! Бұл Жеңіс осындай көп шығын, қайғы-қасіретпен қол жеткен қасиетті жеңіс еді. Бұрынғы бір тудың астында жаумен алысқан жауынгерлер бүгінде Мәскеудегі Қызыл алаңда төс түйістіріп, қайта қауышып жатса, бұл жаһандағы, жалпақ дүниедегі бейбітшілікті, достық пен ынтымақтастықты насихаттаудың, бейбіт күнді құрметтеудің ерекше көрінісі емес пе!» - дейді қала тұрғыны Қайырбек Құсанов. 

Кең алаңда «Ел аңсаған Ұлы Жеңіс!» атты тақырыппен соғысқа ер-азаматтарды шығарып салу, майдан, ондағы Отан қорғаушылардың ерліктері, жеңіспен оралу сияқты театрландырылған көріністер ұсынылды. 

Мерекелік шарада Жанар Қиянбекқызы ұлы, Шымкент қаласындағы Ұлттық гвардияның рота командирі, капитан Берік Жетпісовті лайықты тәрбиелегені үшін «Офицер анасы» естелік медалімен марапатталды. 2177 әскери бөлімінің атынан Бекеновтар отбасына мемлекеттік шекараны бұзушыны ұстауда батылдық танытқан ұлдары Әлішер Боранбаевты тәрбиелегені үшін алғыс хат тапсырылды. Ал Әлішер Боранбаев ІІ дәрежелі «Шекара қызметінің үздігі» медаліне ие болды. 


Одан кейін Мәңгілік алауға облыс әкімі, қала әкімі және депутаттар корпусы ардагерлер, тағы басқа көптеген мекемелер, қоғамдық ұйымдар атынан гүлдестелер, гүл шоқтары қойылды. Осы сәт Ұлы Отан соғысында қаза тапқандар бір минут үнсіздікпен еске алынып, аспанға 3 дүркін мылтық атылды. Ақ көйлек киген бүлдіршіндер ақ тілеулі ән шырқап, аспанға ақ көгершіндер мен ақ шарлар ұшырды. 

Бұдан кейін облыс әкімі бастаған ардагерлер әскери дала кухнясынан соғыс және тыл ардагерлеріне жайылған дастарханнан дәм татты. 

Бүгінгі күні Ақмола облысында 52 соғыс ардагері және 5,5 мың тыл еңбеккерлері тұрып жатыр. Жеңіс күні қарсаңында көкшетаулық майдангерлер 505 мың теңгеден бірреттік материалдық көмек алды. Концлагерь тұтқындары, ардагерлердің жесірлері мен Ленинград блокадасының тұрғындарына қала бюджетінен 58 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы