Ерлікке тағзым: Әрбір жәдігер соғыс тарихынан сыр шертеді

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің Мәскеу түбінде жасаған ерлігінің 80 жылдығына арналған «Ерлікке тағзым» көрмесі ұйымдастырылды. 

Келушілер Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану, Нұр-Сұлтан қаласының ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайлары ұйымдастырған көрмеде Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жерлестеріміздің ерліктері туралы мол мағлұмат алды.

«Соғыс жылдары Қазақстанда 12 атқыштар және 4 кавалериялық дивизия, 7 бригада, 50 полк құрылды. Генерал-майор И.Панфиловтың басшылығымен 316-шы атқыштар дивизиясының құрамында даңқты жерлесіміз М.Ғабдуллин де қызмет етті. Шараның мақсаты – қазақстандық жауынгерлердің ерлігін өскелең ұрпаққа насихаттау», – деп атап өтті Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Айгүл Сәбитова.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Көкшетаудағы көрме өткен жылы елордада өткен іс-шаралардың жалғасы. 

«Бірнеше мұражайлармен және Ресей елшілігімен ынтымақтаса отырып «Артымызда Мәскеу» атты ауқымды көрме өткіздік. Құнды экспонаттар, стендтер әкелдік, онда Гитлер әскері бірінші ірі жеңіліске ұшыраған Мәскеуді қорғауда ерлік көрсеткен қазақстандық дивизиялар туралы ақпарат ұсынылды», – дейді ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи мұражайының экскурсия жүргізушісі Айнұр Мәмбетова.

Семей қаласының облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жауынгерлік және еңбек даңқы бөлімінің меңгерушісі Жанна Игілікова 238-ші атқыштар дивизиясына арналған көрме экспонаттарын таныстырды.

«Алексин қаласы – семейліктер азат еткен алғашқы елді мекен. Мәскеуді қорғауға қатысқаны үшін 238-ші дивизия 1942 жылғы 3 мамырда Қызыл Ту орденімен марапатталды. Ал 1942 жылы 24 мамырда дивизия 30-шы гвардия болып қайта құрылды. Ол Латвияда соғыс жолын аяқтап, Рига қаласын азат етті», – деп түсіндірді Жанна Игілікова. 

Оның айтуынша, мұражай қорында құнды жәдігерлер көп. Тасымалдау қиындық туғызатындықтан, олардың бір бөлігі ғана әкелінген.

«Мысалы, дивизия ардагері Александр Козыревтің өз қолымен сызған майдан жолының картасы бар. Кеңес әскерлерінің шабуыл жолы қызыл түспен, фашистік армия көк түспен белгіленген. Оның жеке күнделігі де музей қорында сақтаулы. Онда ол 1941 жылдан 1944 жылға дейін күнделікті жазбалар жүргізіп, ұрыс даласында не болғанын сипаттайды. Жәдігерлерді жауынгердің туыстары 2015 жылы музейге табыс етті. Ол политрук болғандықтан, Жауынгерлік даңқ журналын шығарды. Мәтіндерді қолмен жазып, сарбаздармен бірге суреттер салған. Жауынгерлер майдан шебінде жүріп жаңалықтар, очерктер, әңгімелер оқып тұрды. Тіпті журналдың бір саны 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне арналған», – деп нақтылады экскурсовод.

Келушілер екі оқ тесігі бар қасыққа қызығушылық танытты. Экскурсоводтардың айтуынша, соғыс кезінде жауынгерлер ыңғайлы болу үшін қасықтарын етіктеріне салып жүрген. 

«Бәлкім жауынгер аяғынан жарақат алып, қасық оны оқтан қорғаған болуы мүмкін. Жауынгер гимнастеркасындағы түрлі-түсті жапсырмалар оның қаншалықты ауыр және жеңіл жарақат алғанын көрсетеді. Үшбұрыш хат жауынгердің аман-саулығының белгісі болған. Айтпақшы, суға батырылған химиялық қарындаштармен қазақ, орыс, татар, латын тілдерінде жазылған хаттар солдат қаза болған жағдайда құпия мәліметтер жаудың қолына түспеуі үшін мұқият тексерілген», – дейді Жанна Игілікова. 

Көрмеге қатысушылар еңбек сабақтарында балалардың қолдан тіккен темекі қапшықтары, от тұтатқыш, сондай-ақ неміс солдаттарының пайдаланған ас үй құралдары да қойылды.

 

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы